Ақмола облысында ауыл мектептеріне мұғалім керек
Ақмола облысында мұғалім тапшылығы мәселесі шешімін таба бастады.
Биыл 1500 маман жұмысқа қабылданды. Оның 600-ден астамы – еңбек жолын енді бастаған жастар.
Жастардың көбі ауыл мектебін таңдапты. Оларға мемлекеттік бағдарлама аясында баспана мен бірреттік көтерме жердемақы берілген. Десек те өңірде әлі де 100 мұғалімнің орны бос тұр.
Жас маман Мейрамгүл Зарлықова Бурабай ауданына қарасты Зеленый бор ауылында қызмет етеді. Ол еңбек жолын облыс орталығындағы университетте бастаған. Өмірлік серігін жолықтырған соң екеуі ақылдасып, ауылда еңбек етуге бел буады. Мемлекеттік бағдарламамен үй алып, мектепке жұмысқа орналасады.
Мейрамгүл Зарлықова, мұғалім:
- Жас маман ретінде мектептегі әдіскерлер білікті ұстаздар барынша қолдау көрсетті. Өзімнің қызметімді жақсы көремін. Қазіргі таңда білікті, білімді, талапты шәкірттер тәрбиелеу үстіндемін.
Мейрамгүл сияқты мемлекеттік бағдарламаның жемісін көрген жанның бірі – Наталья Шептун. Жоғары оқуын тәмамдаған ол өзінің ауылы Қатаркөлге келеді. Қазір жас педагог оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін сабақтарын да түрлі көрнекілік тәсілдерді қолданады.
Наталья Шептун, мұғалім:
- Иә, жас мамандарға берілетін көтермеақыны алдым. Әрине, бұл – бізге үлкен қолдау. Осындай жеңілдіктер мен қолдаулар жастардың жұмысқа деген ынта-жігерін арттыра түсері сөзсіз.
Облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Бурабай ауданының мектептерінде қазір 9 мұғалім жетіспейді. Жергілікті білім бөлімі: «бұл қайта азайғаны», - дейді. Ал ауданда жалпы 40 мектеп бар болса, олардың 15-і – толыққанды орта мектеп. Қалғандары – негізгі және бастауыш мектептер.
Алтынай Ахметжанова, Бурабай ауданы білім бөлімі басшысының м.а.:
- Биылғы жылы бізге 39 жас маман келді. Соның ішінде 22-і ауылға барды. Олардың 9-ы жоғары білімді. Бізде көбінесе жаратылыстану бағыты бойынша, әсіресе физика, математика, химия пәндерінің ұстаздары жеткіліксіз.
Ал облыс бойынша әлі 100-ге тарта маман жетіспейді. Әсіресе алыс аудандарда мұғалім тапшы. Сондықтан ауылға баратын жастарға ерекше басымдық беріліп отыр.
Шоқан Оразалин, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Ауылға барған мамандарға отын сатып алуға немесе жарық пен судын ақшасын төлеуге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл – шамамен 51 мың теңгеден артық ақша. Сонымен қатар ауылға барған мамандарға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленеді. Сонымен қатар үй сатып алуға да ақша бөлінеді.
Бұдан бөлек, аймақтағы кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалады. Осы жылдың өзінде 100 грант бөлінген. Ал түлектерге облыс аумағында жұмыс істеу міндеттеледі. Осылайша, мамандар алдағы 2-3 жылда өңірде мұғалім тапшылығын түбегейлі шешілетіндігіне сендіріп отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка.