«Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қайта қаралуы мүмкін
Биыл Казиндустия орталығына кәсіпорындардан еңбек өнімділігін арттыруға және тауарды нарықта сату үшін 600-ден аса өтінім түсті.
Осы бойынша жалпы сомасы 844 млн теңгеден астам шығын өтелді. Өтінімнің дені Алматы, Астана және Шымкент қаласындағы кәсіпорындардан келген. Оның ішінде машина құрастыратын, агроөнеркәсіп кешенінде азық-түлік пен сусын дайындайтын және жеңіл өнеркәсіппен айналысатын компаниялар бар. Ал өнімді сатуға қатысты өтінім Қарағанды, Алматы және Ақтөбе облыстарында қабылданған.
Атап өтейік, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық өңделген тауарларды, көрсетілетін қызметтердің өнімділігін арттыруды, және сол тауарды ішкі нарықта сататын кәсіпорындарды қолдайды.
Арыстанбек Сағиев, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекциясының басшысы:
- Биыл біздің орталық еңбек өнімділігі бойынша 53 өнеркәсіптік-инновациялық нысандардан түскен 74 өтінімді мақұлдап, 810 млн теңгеден астам сомаға шығынды өтеді. Ал отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа дамыту үшін 31 нысаннан келген 46 өтінім бойынша 33 млн теңгеден аса шығын өтелді. Кәсіпкерлермен ынтымақтастық жасау және оларға мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну үшін QazIndustry өз кеңсесінде әр бейсенбіде ашық есік күнін өткізеді.
Ал Парламент «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды қайта қарауы мүмкін. Мұны сенатор Евгений Больгерт айтты. Депутат экономикада 15 серпінді жобаны жүзеге асыру міндеті тұрғанын атап өтті. Әсіресе машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығында өңделген өнім көлемін арттыруға басымдық беріледі, - деді. Осылайша, ел экономикасына қажет өнімдер айқындалады. Сосын тауарды өткізу, шетелдерге экспорттау жұмысы да жүйеленеді.
Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өнеркәсіптік саясат туралы, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысты заңдарды қайта қарау керек. Біріншіден, ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ету қажет. Ірі тапсырыс берушілер қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді кепілдендірілген келісімшарттар жасауы керек. Салыққа қатысты мәселе мен өнеркәсіпке жеңілдік жасау жағы да қайта қаралады.