Шырша кескендер қамауға алынады
Елде табиғатқа қамқорлық танытпаған екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Олардың бірі шыршаны кесіп, екіншісі тасымалдаған. Тағы 200-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұлар – «Шырша» рейдтік іс-шарасында анықталған құқық бұзушылықтар. Қазір тыйым салынған ағаш түрлерін кесуге қатысты алдын алу жұмыстары күшейтілді. Қыс түскеннен балтасын асынып, орман отайтындарға қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Жаңа жыл жақын. Мереке енді дегеннен мерекенің негізгі нышанына айналған шырша талына сұраныс артады. Қазірде қала орталықтарында ашық сатылып жатыр. Ескерте кетейік, бұл сауда түрінің заңды және заңсыз түрі бар. Қазіргі таңда кезекті сауда орынына келдік. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге сауданы заңды немесе заңсыз жасап жатқанын тексеретін боламыз.
Елімізде шыршаны кесуге қатаң тыйым салынған. Алайда шет елдерден әкелінген талдарды саудалауға рұқсат. Қазіргі айналымдағы өнімнің дені Ресей елінен тасылмалданады. Шекара асып, саудасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – Афган Насиров. Ол: «Елдегі шыршаны кескенім жоқ, көршілес мемлекеттен әкелдім», - дейді.
Насиров, кәсіпкер:
- Біз Ресейден әкелеміз. Қыс басталғалы шырша талының әр түрінен мыңнан аса түп ағаш алдық. Барлығы заңды. Кеденнен өтуге алынған рұқсат қағаздан бастап, осында сатуға дейінгі құжаттарымыз түгел.
Жыл басынан бері тыйым салынған ағаш түрлерін кесуге қатысты 94 іс тіркелді. Мамандар түсіндірме жүргізгенмен, ескертуді елейтін ел болмай тұр. Желтоқсан, қаңтар айларында қылқан жапырақты талдарға қауіп тіпте күшейеді. Осы орайда құқық қорғау қызметкерлері рейдке шықты.
Асылбек Абылаев, әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Іс-шараның мақсаты қылқан жапырақты ағаштарды кесуді, тасымалдауды, дайындауды алдын алу болып бағытталған. Ағаштарды заңсыз кескені үшін келтірілген залал мөлшеріне байланысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбауға шақырады.
Заң бұзып, шыршаны шетінен кескендер 40 тәулікке қамалады. Кінәлілерге 500 мыңнан аса айыппұл да қарастырылған. Жағдай жеңіл болғанның өзінде табиғатқа келтірген залалыңыз үшін 200 мың төлеуге тура келеді. Алайда бұл ақшасы көптің бәрі шыршаны отай беруге болады деген сөз емес.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Айдос Меделбеков.