Ж. Қасымбек: LRT құрылысы 2,5 жылда бітеді

LRT-ның  жыры қашан бітеді?

Көптен күткен жобаның игілігін қашан көреміз? Елордаға қыс келсе болды, бас қаланың аспанын түтін торлайды. Жауыр болған мәселе қашан шешімін табады? Жұртты мазалаған осы сынды біраз сұраққа бүгін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді.

Халық арасында «сыбайлас жемқорлықтың ескерткіші» аталып кеткен LRT тұғырларына ертелі-кеш рельс төселеді. Қаржыландыру қарқыны бәсеңдемесе, 2027 жылға қарай жоба өз мәресіне жетеді. Осылай деп сендірген қала әкімі Жеңіс Қасымбек нақты уақытын айтуға асықпады.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
-
LRT бойынша жұмыстар биыл басталды. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Енді біздің жоспарымыз бойынша 2,5 жылдың ішінде құрылыс аяқталады. Және осы мәселені шешуге үлкен үлесін қосады деп есептейміз.

Барлық қазандық газға көшіріледі

Қыстың суығында самалды күтуден шаршаған елордалықтар қолқаны қабар тұмшадан толық құтылуға асық. Әсіресе, Алматы мен Байқоңыр ауданының тұрғындары түтіні қою тұманда сыртқа шыға алмайды. Үйде отырайын десе, терезе ашудың өзі бір мұң. Әкімнің айтуынша, бүгінде 12 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие. Олардың көбі жеке меншік үй иелері.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
- Астанадағы барлық қазандық алдағы уақытта кезең-кезеңімен табиғи газға көшіріледі. Қазір номері үшінші Жылу электр орталығының және екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Тұран және Оңтүстік-шығыс станциялары қосымша 1 мыңнан астам гига-калория жылу қуатын беруге қауқарлы. Екі апта бұрын болған сарышұнақ аяз кезінде қала шамамен 3 мың гига-калория жылу пайдаланды. Соның өзінде қорда тағы 600-700 гига-калория энергия қалған.

Көктем қамын қыс ойла!

Әне-міне дегенше көктем келеді. Көшелер жылдағыдай көлге айналады. Қалдаяқов көшесі мен Момышұлы даңғылындағы суағарлардың жағдайы қалай? Көктем қамын қыс ойладық па?

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
- Жалпы біз көктемге дайындалып жатырмыз. Өзінің ережесі бар. Дайындық осыған сай өтіп жатыр. Биылғы көктем сәл басқаша өтетін шығар. Болжам солай. Су көбірек болатын шығар. Сіз айтқан көшелер бәрі бақылауда. Биыл Еуразия дүкенінің қасында Петров көшесінде проблема болды. Оқушылар сарайы алдында болды. Осындай 20 шақты учаске бар бізде.

Биыл елордада 3600 үлескер пәтер кілтін алды

Астанада құрылыс жұмыстары қарқын алғандықтан, үлескерлер мәселесі өзекті. Алғашқы жарнасын салса да, арманындағы баспанасына кіре алмай жүрген жас отбасы көп. Шаһар басшысы, 2024 жылдың бірінші жартысында 430 адамның тұрғын үй мәселесі шешіледі деп уәде етті. Биыл жалпы ауданы 3,4 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Авторы: Мирлан Алтынбек