Құбыр өндірісін қолға алу қажет. Бұл – Нарық!
Елімізде 12 миллионан астам адам жылу электр орталықтарының қызметіне тәуелді.
Бұл қала халқының 62%. Сонымен қатар, қалалық агломерациялар аймағында ауыл халқының 26% тұрады. «Бұл ірі шаһарлардың инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіреді», - дейді мамандар. Өңірлердегі соңғы коммуналдық апаттар шұғыл шешім қабылдау қажеттігін көрсетті.
Энергетиктердің айтуынша, жыл сайын жөндеу жұмыстарына 110 миллиард теңге қаржы құю қажет. Ал Инвестицияны тарифке айырбастау бағдарламасы аясында баға белгілерде халық табысын ескеру ұсынылды. Себебі отынның қымбаттауы тариф құнына айтарлықтай әсерін тигізіп отыр.
Коммуналдық апатты болдырмаудың жолы бар ма? Қазіргі жағдайды талдап көрсек, Қазақстанның энергожүйесі соңғы күшімен жұмыс істеп тұр. Тозығы жеткен инфрақұрылым желілері мен кеңес одағы кезінен қалған қазандықтар әбден ескірген. Мысалы, электр желілерінің 65%-тен астамы тозған, жылу электр орталықтарының салынғанына 60 жылдан асты. Әдетте, маңызды инфрақұрылымдардың 50%-тен артық тозуы өте қауіпті. Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ерлан Кәрімов осылай дейді. Оның айтуынша, бұл халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Ескірген техника салдарынан былтыр Екібастұз бен Риддерде үлкен коммуналдық апат болып, халық қыста жылусыз қалды. «Осындай жағдай Қазақстанның басқа өңірлерінде де болуы мүмкін. Елдегі ЖЭО жөндеу жұмыстары инвестицияларға, технологияларға және шет мемлекеттердің мамандарына тәуелді», - дейді Ерлан Кәрімов. Бұдан бөлек жылу желілерінің ескіргені де жағдайды қиындатып, энергия шығынына әкелуде. Сарапшы қолданыстағы құбырларды шұғыл ауыстыру үшін отандық өндірісті жолға қою керек деп сөзін түйіндеді.
Ерлан Каримов, «Экономикалық зерттеу институты» АҚ өңірлік зерттеу орталығының директоры:
- Коммуналдық апокалипсисті болдырмау үшін Қазақстанға сапалы болат және шойын құбырларының өндірісін оқшаулау, сондай-ақ бірқатар артықшылықтары бар полимерлі материалдардан жасалған құбырларды пайдалану мүмкіндігін зерделеу қажет.
Соңғы 30 жылда бір қазандық салынды
Жылу электр орталықтарындағы жағдай тұтас елді алаңдатып отыр. Ең ескі станциялардың бірі Семейде орналасқан. Ол 1934 жылы пайдалануға берілді. Ал ең жаңасы биыл күзде Астанада іске қосылды. Бұл Қазақстанда соңғы 30 жылда салынған жалғыз қазандық. Қазір жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары және 7-уі жасыл аймаққа кірді. Бұл мекемелердің орташа тозу көрсеткіші 66%. Ал Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы қазандықтар тіпті сын көтермейді. Ондағы тозу көрсеткіші 80% асты. Демек күн суығанда апатты жағдайлардың болу қаупі жоғары. Осы орайда, энергетиктер қауымдастығы жылу тарифтерін қайта қарау керек деген ұсыныс айтты.
Талғат Темірханов, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің өкілі:
- Көмір мен оның тасымал бағасы өсіп жатыр. Бізге жалақыны көтеру керек. Оның бәрі тарифке байланысты. Сондықтан жаңа механизмдер керек. Біздің ойымызша, жағдайы төмен азаматтарға бөлек тариф, ал ауқаттыларға басқа тариф белгілеу керек. Мысалы, Атырауда көпбалалы аналар мен банкирлер, мұнайшылар бір бағаны төлейді. Мемлекет субсидиялау арқылы бәріне тең тариф белгілеген. Біздің ойымызша бұл әділетсіз. Газ, электр энергиясы мен жылу бағасы азаматтардың жағдайына қарай белгіленуі тиіс деп есептейміз.
Жылу желілеріне инженерлер жетіспейді
Бірақ салада маман тапшылығы бар. Өйткені жастардың бұл мамандыққа деген құлшынысы төмен. Ал осы кәсіптің қыр-сырын үйрететін оқу орындарының оқыту бағдарламасы талапқа сай емес сарапшы. Жылу желілеріне, электр орталықтары мен қазандықтарға инженерлер керек. Ал жаңа қазандықтар салынғанда дәнекерлеуші, электриктердің аздығы бірден білінеді.
2018 жылы еліміздің жоғары оқу орындарына «Жылу энергетикасы» мамандығына 972 студент түсті. Бұл соңғы бірнеше жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Салыстырып қарасақ, 2013 университеттер 445 студент қабылдады. Оның 329-ы грантқа түскен. Тек 2017 жылға қарай мамандықтың беделі көтеріліп, 640 студент білім алды. Оның ішінде 400-ден астам жас мемлекет есебінен тегін білім алды. Ал биыл 364 студент оқуға түсті.