«Дарын» сыйлығының иегерлері марапатталды

Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленген лауреаттарды марапаттау салтанаты өтті.

Биыл байқауға қатысуға 340-тан аса үміткерден өтінім түскен. Конкурстық комиссия олардың арасынан 19 талантты жасты анықтады. Жеңімпаздарға Мемлекеттік сыйлықты еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Айта кетерлігі, биыл марапатты беру ережелеріне түзетулер енгізілді. Мәселен, қатысушылардың жас мөлшері 35 жасқа дейін ұлғайтылып, «Қоғамдық қызмет» номинациясы «Креативті бастамалар» атауына өзгертілді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген талапты жастарды ынталандыруға бағытталған. Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы және диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйлық табысталады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зиялы, интеллектуалды ұлт туралы айтқанда, ең алдымен, оның негізін құраушы өздеріңіздей өнерлі, білімпаз ғана емес, терең саналы, рухани сапалы жандар туралы айтады. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің мысалында Отанымызды, оның мәдениеті мен тілін төрткүл дүниеге паш етіп жүрген өнерпаз ғана емес, ішкі парасаты зор, адами танымы үлгі, жаны мейірман азамат екенін көреміз.