Өңдеу өнеркәсібіндегі серпінді жобалар

Сонымен біз екпін салған басты тақырыпқа ауыссақ.

Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаңа экономикалық моделге көшуі қажет деп мәлімдеген еді. Тапсырманы құп алған Үкімет бір жыл әрекет қылды, бүгін нәтижесін жариялады. Сандарға тоқталсақ.

Биыл елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126  жаңа жоба іске қосылды. 9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл дегеніміз қалалар, моноқалалар және ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды деген сөз.

Ел экономикасы үшін ең негізгі және маңызды жобалар қандай деген сұрақ туындаса, мына картаға назар салыңыз. Мәселен тамыз айында Хромтау қаласында Дөң тау-кен байыту комбинатының жиналған өндіріс қалдықтарын өңдейтін фабрикасы, қарашада Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылды. Бұдан бөлек Жетісу облысындағы керамикалық плитка өндірісінің қуаты жылына 1,2 млн шаршы метрден 3,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Қостанай мен Алматыда да қуатты екі жоба іске асты. Ал Қызылордада тәулігіне 120 текше метр темір бетон бұйымдарын дайындайтын зауыт 150 адамды жұмыспен қамтыды.