800 мың тұрғын сапалы қуат көзімен қамтылады

Түркістан облысында қуаттылығы 220 киловольт болатын «Қызыләскер» электр станциясы іске қосылды.

Келес ауданында бой көтерген стратегиялық нысан Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес және Шардара аудандарының 800 мыңға жуық халқын, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес нысандарын сапалы, әрі үздіксіз электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін облыстың оңтүстік бөлігінде мұндай қуаттағы қосалқы станция болған емес. Сондықтан бұл аудандардағы электр энергиясы нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін және қымбатқа түсетін. «Соның салдарынан желілер жиі істен шығып, шығыны да көбейді», - дейді тұрғындар. Енді мәселе шешілді.  Жобаның жалпы құны – 7,2 млрд теңге. Қаражат облыстық және республикалық бюджеттен қаралды. Мамандар алдағы қаңтар айынан бастап, осы қосалқы станциядан қуат алатын 110 киловольттық 91 шақырым электр желісін іске қосамыз деп отыр. Мемлекет басшысы өз жолдауында елімізде энергетика қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған болатын. Себебі өңірде энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді.

Ермек Үмбеталиев, электрмен жабдықтау мекемесінің басқарма төрағасы:
- Бұл жерде қолданылған құралдардың барлығы Шымкентте жиналған. Ячейкалары Кентауда жиналған. Бүкіл әуе желісі 85% отандық өнім. Бұл подстанцияға қосалқы екінші подстанциямыз бар «Жылға» деген, сол жерде екі секцияда құрау жұмыстары жүргізіліп, толық орнатылды. Ол екі подстанцияның арасында 74 км әуе желісі тартылды. Осы әуе желісі арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.