Түркістан облысында киіз үй жасайтын шебер бар

Қазақтың жайлы баспанасы киіз үйді жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді.

Тез құрылып, тез жиналатын құрылымы мен сән-салтанатының ерекшелігін әлем ғалымдары мойындаған. Түркістан облысында киіз үй жасап, ата дәстүрді жалғастырып отырған отбасы бар. Ықшам әрі жеңіл баспанаға шаруалар көп тапсырыс береді. 

Бесқұбыр ауылының тұрғыны Қарабай Құрбаев киіз үй жасаумен 2 жылдан бері айналысады. Айтуынша, әкесі ер-тоқым шауып, сандық жасаған шебер кісі болыпты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бірнеше жыл басқа кәсіптің басын қайырған ол соңында ата кәсіпке бет бұрған. Үйінен шағын цех ашып, киіз үй жасап жүр. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыс жаман емес, - дейді. 

Қарабай Құрбаев, шебер:

- 2 ай болды Өскеменнен келіп, тапсырыс беріп жатыр. 8 қанатты 20 үйге. Оны осы 2024 жылғы көктемге дайындаймыз. Ағашты қазір қырқуға болмайды, көктемге дайындаймыз. 2 жылда 150-дей киіз үй жасадық. Көбіне  қойшылар мен диқандар алады.

Ұста киіз үйді қарағаш пен көк талдан жасайды. Ағашты ауыл тұрғындарынан сатып алады. Себебі киіз үйге қажетті ағаш ауылдағы кез келген үйде өсетінін айтады. Бағасына келісіп, кеседі. Сосын өзі қолдан жасаған мына пештің ішіне салып, әбден бумен қыздырады.

Абай Жалғасбекұлы, шебердің көмекшісі:

- Осыған су құйып, астынан от жаққан кезде ішіне бу толады да ағашымыз жібиді. Игенге, майыстырғанға оңай болады. Будың ішінде 2 сағаттан 4 сағатқа дейін тұрады. Шыбық жіңішке болса, 2 сағат, жуандау болса, 4 сағат тұрғызамыз. Майыстырғанда сынып кетпейді.

Қазір ағаш кесетін түрлі қондырғылар бар. Бірақ шебер киіз үйге қажетті ағаштың барлығын бірде-бір заманауи құрылғыларды қолданбай, өзі қолдан жасаған дүниелермен істейді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Шебер ағашты иіп, майыстыратын құралдардың барлығын өзі дәнекерлеп, қолдан жасаған. Мәселен, киіз үйдің шаңырағы осы жерде иіледі. Ал мынау – уықтың басын иетін құрал. Будан шыққан жұмсақ ағаш осы жерде 3 күн тұрып, әбден кебеді. Одан кейін уық дайын болады. Мына уық дайын.

Қазір кәсіпкер киіз үйдің тек сүйегін ғана жасайды. Енді «Ауыл аманаты» жобасының 6-шы бағыты бойынша 2,5%-тік несие алып, барлық керек-жарағымен дайын күйінде сатуды жоспарлап отыр. Оны келіншегі іске асырмақ. Сөйтіп, отбасылық кәсіп иелері киіз үйді демалыс орындары арқылы шетелдік туристерге көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ.

Мөлдір Бегалықызы, шебердің жұбайы:

- Осы ауылдағы қолөнері бар тігін тігетін, ою оятын, құрақ құратын қыз-келіншектерді жинап, шағын цех ашып, киіз үйді әбзелдерімен толықтай жасау. Туризм орталықтарын ашып жатыр ғой таулы аймақтарда. Сол жерде таспен салғанша қазақ үйді қонақ үй ретінде жасап көрсетсе, керемет дүние болар еді. 

Жалпы Түркістан өңірінде киіз үй жасайтын бірнеше шебер бар. Олардың кейбірі биыл «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрді. Жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтарын жаңалады.

Айта кетейік, биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 19,8 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылып, 3517 жұмыс орны ашылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов.