3,5 млрд теңге. 3 мың павлодарлық алаяқтарға алданған
Павлодар облысында қаржы пирамидаларына алданған адам көп.
Биыл 3 мыңнан астам тұрғын оңай олжаға кенелемін деп, сан соғып қалған. Олардың салған ақшасы 3,5 млрд теңгеге жеткен. Сот үкімімен бұл қаржының жартысына жуығы, салымшыларға қайтарылған. Елде бұл бағытта 80 қылмыстық іс қозғалса, олардың екеуі Павлодар облысында ашылды. Екі істің материалдары сотқа жолданды.
Мамандардың айтуынша, қаржы пирамидаларының қақпанына 30-40 жас аралығындағы тұрғындар жиі түседі. Басым бөлігі – бюджеттік сала өкілдері.
Экономикалық тергеу департаменті интернет сайттарға да мониторинг жүргізген. Бүгінгі күні инвестициялық компаниялардың атын жамылған 665 сайт сілтемесі жойылды.
Ербол Кәрімов, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:
- Биыл бізге 30 адам шағым түсірді. Көбі 2018-2019 жылы ақша салып, кейін алданып қалған азаматтар. Бұл қаржылық құрылым Павлодар және Екібастұз қалаларында «желілік маркетинг» жүйесі бойынша жұмыс істеді. Мәселен, пирамида мүшесі болу үшін құны 1 млн теңге болатын клубтық карта сатып алу керек болды. Кейін өзге адамдарды да тарту шарты қойылды. Осы күнге дейін пирамиды жойылды.