Сүйегі сынғыш науқасқа операция жасалды

Сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан науқасқа операция жасалды, деп хабарлайды 24KZ.

Сүйегі шыны секілді шытынауға бейім жандар бар. Тіпті олар қатты жөтелгенде сүйегі сыр беруі мүмкін. Медицинада мұны «жетілмеген остеогенез ауруы» деп атайды. Осындай дертке душар болған науқаспен тілшіміз сұхбаттасты.

Нұрбол Дүйісевты дәрігерлер «шыны адам» деп атайды. Өйткені сүйегі сынғыш. Оқыс қимылдаса, бір жері морт кетуі әбден ықтимал. «Жас күнімнен осы сынықтың тауқыметін тартып келемін», - дейді өзі.

Нұрбол Дүйісов, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Өмірде көп нәрсеге жаратушының берген нығметін бағаламайды екенбіз. Кезінде бойым кішкентай дедім, арбаға отырып қалдым деп ренжідім. Одан кейін мүлдем төсекке таңылып қалдым. Сонда ойладым, арбаға отырсам да, ең құрығанда айналаға шығып, таза ауа жұтып, өмірдің құндылықтарын санама сіңіріп, өмірдің нағыз шексіз нығметін түсінеді екенмін. 1 жыл 10 ай болды, далаға шықпадым.

Нұрболдың осы кезге дейін қол-аяғы 5 рет сыныпты. Бірақ сағы сынбаған. Жігіт ағасының болашақтан үміті көп. Тақауда ғана бір ота жасалды. Бұған дейінде бірнеше рет жасалған. Бәріне шыдап келеді.

Қайрат Тажин, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының бөлімше меңгерушісі:

- Операция 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезекте өткен жылдың қараша айында сол жақ жамбас сүйегіне жасалды. Биыл наурызда оң жақ жамбас және  қараша айында тізесіне операция жасадық. Науқастың жағдайы қалыпты, қазір оңалту шарасы жасалып жатыр.

Елде осындай 80-нен аса «шыны адам» бар. Туа бітті кеселдің емі табылмады, тек күресуге болады. Бір өкініштісі, науқастың көбі бір жасқа жетпей өмірден өтеді. Мамандар: «шамамен 20 мың жанның ішінде бір ғана адам атаулы дертке шалдығуы мүмкін», - дейді. Ал Ақтөбе облысында Нұрбол Дүйісевке дейін мұндау науқастар болмаған. 

Ерғали Базарқұлов, Ақтөбе облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі

- Ондай операциялар кездеспейді деп айтуға болады. Мынау 28 жыл жасап отырмыз ғой травматология саласында. Сол бірінші рет кездестіріп отырмыз осындай ауруы бар науқасты. Жазылмайды, сүйектің ішінде тұрған темірлер соны қорғайды. Әрі қарай сынықтар болмасын деп.

Болашақ аналар жүктіліктің алғашқы айларында-ақ дәрігерге жүгінгені жөн, - дейді мамандар. Сол кезде генетикалық ауруға ем қолдануға болады. Бірақ бұл да екінің біріне бұйыра қоймайды.  

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.