Жамбыл облысында жаңа архив ғимараты ашылды
Жамбыл облысында 6 жылдан бері апатты ғимаратта отырған архив қызметкерлеріне жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Қордай ауданының мұрағатшылары 70 жыл бұрын салынған мектеп-интернатта жұмыс істеп келген. Ғимараттың қабырғасы жарылып, сылақтары түскен әрі орын тапшы болатын. 40 мың дана құжатқа арналған архивте құжаттар саны 53 мыңға жетті. Салдарынан мамандар құжат қабылдай алмайтын жағдайға тап болған еді. Бұл мәселені жаңалықтарымызда көтерген едік. Енді, міне, мәселе шешілді.
Жаңа нысан 200 мың бірлік құжатты сақтауға арналған. Мұрағат «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды.
Сара Мәдиева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы ғимаратқа барлық жаңа, бүгінгі заманауи техникалардың барлығы дерлік алынды. Үлкен жылжымалы сөрелер, сыйымдылығы өте жоғары. Сканерлер алынып жатыр. Архивте 12 қызметкер жұмыс істейді. Оның жетеуі – таза архившілер. Мынау жаңа ғимараттың соғылуына байланысты қосымша жаңа жылдан бастап тағы да 4 жұмыс орны ашылады.