Павлодарда Сарыарқа шағын ауданының құрылысы толық аяқталды
Павлодарда он жылға созылған Сарыарқа шағын ауданының құрылысы толық аяқталды.
Жаңа жыл қарсаңында бір мезетте көп қабатты 4 үй беріліп, 360 отбасы баспаналы болды. Бұл үйлердің құрылысына бюджеттен 3 миллиард 900 млн теңге жұмсалды. Жалпы тұрғын үй құрылысы Ақсу мен Екібастұз қалаларында да қарқынды жүріп жатыр.
Пәтер кілтін алып жатқан 360 отбасының 217-сі бұрынғы Алюминстрой ауданының тұрғындары. Олар өткен ғасырдың 60-жылдары іргесі қаланған екі қабатты, апатты үйлерде тұрып келген. Солардың бірі - Ольга Катруца екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Ольга Катруца, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Біз екі жылдай күттік. Бұрын Алюминстройдағы ескі үйде тұрған едік. Бүгін қуанышым қойныма сыймай тұр. Туыстарымның бәрі құттықтап жатыр. Ризамын.
Алюминстрой ауданында екі қабатты 153 үй сүрілді. Екі мыңнан астам тұрғын Сарыарқа шағын ауданында салынған көпқабатты 42 үйге қоныстанды. Осылайша бұл аудандағы құрылыс биыл толық аяқталды.
Тамерлан Садықов, құрылыс басқармасының бас маманы:
- Қазір жүзеге асып жатқан тұрғын үйдің аумағы 490 мың шаршы метрге тең. Оның 93 мың шаршы метрі тапсырылды. Қалғаны келер жылдың соңына дейін жүзеге асып 197 мың шаршы метрге жетеді. Сонымен қатар биыл Павлодар қаласы бойынша 13 үйді қолданысқа беру жоспарланған.
Сарыарқадан бөлек Павлодарда Достық және Жастар шағын ауданы бой көтерді. Жақында Достық бойынша 8 үй, ал Сарыарқа ауданында тағы 5 үй тапсырылады. Жаңа шағын аудан Екібастұз қаласында да салынып жатыр. Ондағы бірыңғай тоғыз қабатты үйлерге әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, ұзақ жыл бойы пәтер кезегінде тұрғандар қоныстанады. Қазір бұл ауданда сегіз үй пайдалануға берілген.
Архат Әмірханов, Екібастұз қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі:
- Коммуналдық желілердің құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл үйлердің маңайы толық абаттандырылады. Ойын алаңдары болады. Тұрғындарға жайлы жағдай туғызуға баса мән беріледі. Шағын ауданда әлеуметтік нысандарды орналастыруға арналған орындар жеткілікті.
Баспана әлеуметтік-кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі. Ақсу қаласында да бюджет қаражаты есебінен көпқабатты бес үй бой көтерді. Жұмысшыларын баспанамен қамту саясатына өндіріс ошақтары да атсалысып жатыр. Жуырда 55 энергетик қоныс тойын тойлады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков