Түркістанда депутаттардың облыстық форумы өтті

Түркістанда депутаттардың облыстық форумы өтті

Биыл түркістандық депутаттар облыстық мәслихаттың сессияларында жергілікті атқарушы органдарға 238 сауал жолдаған.

Соның нәтижесінде түрлі салаға қатысты мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданған. Бұл туралы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумында айтылды. Депутаттар «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдауында 4 жарым мыңға жуық азаматтың өтінішін тыңдаған. Халық білім, денсаулық, инфрақұрылыммен қамту және әлеуметтік түйткілдерді жиі көтерді. Оның бәрі бюджеттен қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, мүмкіндігінше кезең-кезеңмен шешімін табады, деді облыстық мәслихат хатшысы Нұралы Әбішов. Форумға қатысушылар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда депутаттар мен жергілікті билік арасындағы үйлесімді жұмыс әрі қарай жалғасатынына тоқталды.

Уәлихан Ұзақов, Отырар аудандық мәслихат төрағасы:

- Біз әкімнің бағдарламасына қарап жатқан жоқпыз. Біздің депутаттар өздігінен демеушілер арқылы жұмыс жасап, соған үйретіп жатырмыз. Демеушілерді тарту арқылы, біздің көрсеткішіміз сонымен бағалансын. Өйткені бюджетіміз аз, 2,5 млрд оны аудан әкімі өзі бөліп, жол салуға, жарықтандыруға, газ таруға бөлініп қойған. Әр елді мекенде істеліп жатыр.

Дулат Әбіш, облыстық мәслихат депутаты:

- Облыс әкімінің бірінші орынбасарына Ордабасы ауданы Жұлдыз, Мәдениет, Ынтымақ ауылының мәселелерін қоймақшымын. Мен ойлаймын, осындай форумдар осындай мәселе көтерілуімен, орныдалуымен құнды.