БҚО биылғы жылды жарқын жетістіктермен қорытындылады
Батыс қазақстандықтар да қоян жылын жарқын жетістіктермен қорытындылады.
Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 7,4%-ға өссе, инвестиция 22%-ға артқан. Құрылысқа қаралған қаржы 44%-ға көбейіп, 500 шақырымдай жол жөнделген. Ауылдық жерде 17 мектеп, 12 емдеу мекемесі салынған. Шекараның түбіндегі елді мекендерді көркейту мақсатында келер жылы «Қаладан ауылға» бағдарламасы жүзеге аспақ.
Бәйтерек ауданына қарасты Чиров ауылы шекараның түбінде тұр. Ала бағандар небәрі алты шақырым жерде. Бір кездері астықты алқабымен аты шыққан ауылдан соңғы жылдары жастар жаппай қалаға кетіпті. Соның салдары шығар оқушы саны азайып, 9 жылдық мектепке жабылу қаупі төнген. Мектеп жабылса, мұғалімдер жұмыссыз қалады, бала оқыту үшін ата-аналар да қоныс аударады. Осыны ескерген аудан басшылығы биыл екі жанұяны көшіріп әкеліп үй беріпті.
Альбина Алдоңғарова, көп балалы ана:
- Ақжайықтан келдік. Теректі, Еңбектен. 5 балам бар. Бұйырса, алтыншысы болады. Өз басымда баспана болмағасын біліп, звондадық. Қуандық, келдік көрсетті. Жақсы қарсы алды. Мектепте де жақсы қарсы алды. Бәрімен де жақсы таныстырды. Өте қуаныштымын. Үйге бірден әкелді. Үйді көрдік, қуандық.
Өңірде Чиров секілді адам саны азайып кеткен елді мекендер баршылық. Мәселен Жәнібек ауданы Талов ауылында 60 үй, Теректі ауданы Қызылжар ауылында 30 үй бос тұр. Осындай ауылдарды түлету мақсатында келер жылы «Қаладан ауылға» бағдарламасы қабылданбақ. Бағдарлама аясында баспанасыз жүрген көп балалы жанұяларды ауылға көшіру көзделген. Оларға үймен қоса өз ісін ашуға несие берілмек.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Қазір нақты аудан әкімдері мәлімет беріп жатыр. Бірінші кезекте қай ауылдардан адамдар көшіп кетті. Бос үйлер бар, адам саны азайған, мектептегі бала саны азайып жатқан ауылдарды аламыз. Сонымен қатар шекаралас ауылдарды аламыз. Алғашқы жоспарымыз 120 отбасын алып бару. Ол жерде әртүрлі механизмдерді пайдаланамыз. Сонымен қатан грант бергіміз келіп тұр. Көп балалы аналар ауылға көшеміз, өз ісімізді ашамыз деген болса.
Ауыл тұрғындарының кезінде қалаға үдере көшуіне көгілдір отын мен ауыз судың болмауы, медицина мен білім беру ісінің сапасы да әсер еткені анық. Облыс басшылығы осы олқылықтың орнын толтыру басты мақсат екенін айтады. Бүгінде өңір толықтай газдандырылған. Ауыз суға келсек, 47 ауылға тіршілік нәрін тартуға 5,7 миллиард теңге қаралыпты. Биыл 12 амбулатория мен 17 мектеп пайдалануға берілді. Соның бірі күні кеше Ханкөл ауылында ашылған 60 орындық орта мектеп ғимараты.
Нұрлы Дүйсекова, Қаратөбе ауданының тұрғыны:
- Былай қарағанда қазіргі жағдайда ауыл мен қаланың айырмашылығы азайып келе жатыр ғой. Интернеті бар, суы бар, спорт залы бар. Біздің балаларда бұрын спорт зал деген мүлде болмаған. Өте қуанышты жағдай. Өзім ойлайтынмын, біздің балалар шағын жерде тұрып, аз бала болғанына несіне кінәлі, осындай бір рахаттарды көрсе екен деп. Соған қазіргі ұрпақтарымыз жетті. Өте қуаныштымын.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша биыл өңірде 9 мектептің құрылысы басталса, келер жылы тағы 9 білім ордасы бой көтереді. Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасына сәйкес 38 емдеу мекемесі салынады. Медициналық нысандарды қажетті заманауи жабдықтармен қамту жайы да басты назарда.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Биылдың өзінде 262 құрал-жабдық сатып алып бердік 3,4 млрдқа. Келесі жылы 25 млрдқа әлеуметтік жобаларға берілген қаражат есебінен барлық облыстың медициналық нысандарын құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткіміз келіп тұр. Ол өте жақсы бағдарлама. Бір сөзбен айтқанда, егер дәрігер қанша мықты болса да, оған қажетті құрал-жабдықтар болмайтын болса, тез арада ота жасау, емдеу шаралары. Қазір жаңа технологиялармен, жаңа жабдықтармен пайдаланып жатыр ғой бүкіл дүние жүзі. Біз солардан қалмауымыз керек.
Өңірде жол құрылысында да да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылған. Биыл өңірге осы мақсатқа 81 миллиард теңге бөлініп, 500 шақырымдай жол жөнделсе, келер жылы 100 миллиард теңге қаралмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов