Абай облысы 2023 жылды қорытындылады
Абай облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мың оқушыға арналған 5 мектептің құрылысы басталды.
Аймақта 19 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Мәселені шешу үшін 60-қа жуық көп пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылғанына бір жарым жыл болған өңір жылды қалай қорытындылады?
Көкпекті ауданының Тассай ауылының тұрғындары облыстың құрылуымен бірге бұрынғы ата кәсібін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алды. Биыл көл жағасындағы елді мекенде көп жыл тоқтап қалған балық өндіру цехы ашылды.
Жанат Ибрагимов, балық өндіру цехының басшысы:
- Биыл сол бұрынғы цехымды қайта ремонттап, жөндеп, жұмыс орнын бастап отырмыз. Қазіргі таңда 20 шақты адам цехта жұмыс істейді. Отыз екі балықшым бар. Участокте жұмыс істейтін. Барлығы өзі 52 жұмысшым бар. Міне осы филені бәрін дайындап, шет елге шығаруды пландап отырмыз.
2023 жылы облыста осындай 4 жоба іске қосылып, 700-ден астам жұмыс орны құрылды. Аймақта әсіресе құрылыс қарқынды. Қазіргі уақытта өңірде 54 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Оның 30-ға жуығы тұрғын үй.
Диана Шаяхметова, Семей қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
- Семейде кезекте 14 мың адам тұр. Алты категория бойынша. Осы жылы 211 пәтер берілді. Ең бастысы, үй көп балалы аналарға бөлінеді. содан кейін осал топтарына. Және ата-анасыз қалған балаларға. Екі жыл болды, 2022-де бізде «Абай жастары» деген бағдарлама жақсы темппен келе жатыр. 41 жас отбасы баспаналы болды.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі мектеп тапшылығы. 9 мыңға тарта балаға орын жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін облыста 5 мектептің құрылысы басталды.
Айдын Бегімбеков, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Екеуі осы Семей қаласында. Біреуі 600 орындық Восточный кентінде басталып кетті құрылысы. Екіншісі, осы 1200 орындық. Одан кейін Бесқарағай ауданында, Аягөзде және Ақсуат ауданында тағы да үш мектептің құрылысы бастауын тапты. Бұдан бөлек жалпы саны 11 мектеп жайлы мектептің. Тағы да 6 мектептің құрылысы алдағы жылы басталатын болады. Олардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың қыркүйегінде.
Биыл аймақта басталған ауқымды жобаның бірі ұзындығы 270 шақырым болатын «Аягөз-Бақты» темір жолының құрылысы. Сала мамандарының айтуынша, шойын жол ел экономикасына тың серпін береді. Жоба жүзеге асқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Жүкті жеткізу уақыты да біршама қысқарады.
Алмас Сейсемқанов, "ҚТЖ жүк тасымалы" ЖШС "ЖТ Семей бөлімшесі" филиалы директорының міндетін атқарушы:
- Мысалы, қазір Аягөз-Достық деп айтатын болсақ, екі ортасына үш күн деп айтатын болсақ, бұл екі күнде баратын болады Қытайға жүктеріңіз. Ресейден келетін транзиттік жолмен кетіп бара жатсақ, транзитті қысқартады. Транзит көбейеді. Бұл енді үшінші шекара Қазақстан мен Қытайдың арасындағы.
Азамат Қасым, тілші:
- Облыстың аумағы да кеңейіп жатыр. Президент жарлығымен Мақаншы және Жаңа Семей аудандары ашылады. Бұл жаңалықты өңір тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдады.
Құсмілия Нұрқасым, қоғам қайраткері:
- Енді ел болған кезде біздің шекарамыз ашылмауы керек. Жалпы міне бұл саясат не? Ауданның қайта құрылып жатқаны. Жұртшылықтың тілегі. Пікірі. Ұсынысы, керек болса зары. Сол Тәңірдің де, әмірдің де құлағына шалынған күн.
Облыста жылдар бойы қордаланған мәселе аз емес. Түйткілдің түйінін тарқату үшін Үкіметте өңірді дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары бекітілді. Маңызды құжат аясында құны 1,9 триллион теңге болатын 102 іс- шараны іске асыру жоспарланып отыр.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов