Түркістан облысында алты елді мекенге газ берілді
Түркістан облысының Жетісай ауданында 6 елді мекен көгілдір отынға қосылды.
20 мыңға жуық адам газбен қамтылды. Жоба Мемлекет басшысының еліміздің барлық аймағын газдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты.
Көгілдір отынды көптен күткендердің бірі - Отан елдімекеніндегі Танабаевтар отбасы. Отанасы Бибімария Танабаева жылда 300 мың теңгеге көмір сатып алатынын айтады. Енді газ келіп, қуаныштары еселеніп жатыр. Әсіресе, келіндерім от жағып, күл шығарудың машақатынан құтылатын болды дейді.
Бибімария Танабаева , ауыл тұрғыны:
- Осы ауылға тұрмысқа шыққаныма 50 жыл болды. Жасым 70-те. Осы күнге дейін көмір жағып, күл шығарып жүрдік қой. Құдайға шүкір, ел басында жүрген мына азаматтардың арқасында көгілдір отынға қолымыз жетті. Шәйіміз қайнап, тамағымыз пісіп тұр. Қыстың кезінде жылы үйде жаурамай отырмыз.
Табиғи газға Абай ауылдық округіне қарасты Отан, Бейбітшілік, Жылысу ауылдық округіндегі Байқоныс, Сейфуллин, Әл-Фараби және Ералиев ауылдық округінен Ғ.Мұратбаев мекендеріндегі қол жеткізді. Қуанышқа кенелген ауыл ақсақалдары табиғи газдың алауын жақты.
Ауылдарға газ жеткізу жұмыстары өткен жылы басталды. Жалпы ұзындығы 150 шақырым құбыр тартылып, 15 мыңға жуық абонетке көгілдір отын жеткізілді. Жоба құны 1 млрд 522 млн теңге.
Сапар Спарханов, ауыл тұрғыны:
- Кеңес үкіметінің кезінде де газ болған жоқ. Одан кейін егемендік алған 32 жылдың ішінде де газ келген жоқ. Енді газ келіп, біздің халықтың игілігіне беріліп жатыр. Осындай игілікті іс барлық жерде бола берсін. Еліміз көркейе берсін.
Мамандар аудандағы 105 елді мекеннің 56-сы табиғи газға қосылғанын айтады. Яғни тұрғындардың 53 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.
Берік Мамбетов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жетісай ауданы бойынша биылға 14 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылға соның 7-ң нысаны пайдалануға беріліп жатыр. 20 мыңдай халық табиғи газбен қамтылып жатыр бүгін. Қалғандары жыл соңына дейін 3 нысанды қосамыз деген жоспарымыз бар.
Бұдан бөлек қазір жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын бірнеше ауылға газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы тағы 12 елді мекенге газ беріледі. Айта кетейік биыл Түркістан облысында 107 нысанның құрылысы жүргізілді. Жоба құны 17,5 млрд теңге. Жыл соңына дейін соның 62 нысаны тапсырылды. Нәтижесінде өңірдегі 832 елдімекеннің 515-і табиғи газбен қамтылды. Халықтың 78%-ы немесе 1 млн 653 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов