Таразда 950 отбасы баспаналы болды

Таразда өткен жылда 950 отбасы баспаналы болды. Барлығы пәтер кезегінде тұрғандар.

Биыл тағы екі мыңнан аса пәтер кілтін тапсырамыз, - дейді қала билігі. Қазір шаһарда 72 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.

10 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған Айжамал Өтепбаева жақында үйлі болды. Жалғызілікті ана 20 жылдан бері пәтер жалдап келген. Осы күнге дейін тапқаным күнкөрістен артылмады, - дейді.

Айжамал Өтепбаева, қала тұрғыны:

- Осынша уақытқа дейін үйлі болмаған себебім, жағдайым болса мен өз ала-алатын едім ғой. Себебі мен квартирада тұрдым. Өзімнің үйім болған жоқ. Жалдамалы квартирада тұрдым да, әрдайым тапқан табысымның жартысынан көбі сол жаққа кетіп отырды. Мен ешқандай ақша жинап үй алатындай жағдайға жете алмадым. Алғашқы жарнаны содан кейін мен осы мынау тұрғын үй ЖКХ-ға барып, сертификат берді. 10 пайызын төлеуге көмектесті.

Ал мынау Ұлы дала шағын ауданының аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Еліміздегі ең ауқымды тұрғын үй алабының бірі осы. Мұнда 150 көпқабатты үй, әкімшілік және әлеуметтік нысандар пайда болады. Үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынатындықтан 1 шаршы метрі 160 мың теңгеден аспайды. 

Ғалымжан Қайыпов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Халыққа өте тиімді бағада. Ондай баға республика бойынша ең төмен баға болып саналады. Үй толығымен дайын күйінде, ішіндегі жабдықтармен толықтай жабдықталған. Ішінде санфаянс, газ плита, есіктері бәрі түгелімен қойылады. Адамның бірден келіп қоныстануына жағдай жасалған.

Биыл Таразда 72 көпқабатты үй бой көтеріп келеді. Олардың 1 шаршы метрінің бағасы 226 мың теңге болады дейді қалалық әкімдіктегілер.

Таразда 22 мыңға жуық тұрғын пәтер кезегінде тұр. Мәселені ішінара шешу үшін, әкімдік биыл 13 үйді пайдалануға берді. Келер жылы тағы 46 көпқабатты үйді бермек. Бұл – 2 мыңнан аса тұрғын баспаналы болады деген сөз.

Айта кетейік, биыл аймақтағы тұрғын үй құрылысына республикалық қазынадан 15,2 миллиард теңге бөлінді.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә, 24.KZ, Тараз.