Атырауда мереке күндері тұрғын үйден өрт шықты

Атырауда мереке күндері тұрғын үйден өрт шығып, 5 адам жарақат алған еді.

Бүгін күйік шалғандардың біреуі жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Оқиға қала іргесіндегі Көкарна ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Өкініштісі сол, «жансақтау бөліміндегі 2 адамның да жағдайы ауыр», - дейді дәрігерлер. Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары басталды.

Қала шетіндегі Көкарна ауылының бір отбасы мүшелері тілсіз жаудың салдарынан ауыр жарақат алды. Оқиға 2 қаңтар күні сағат 11-лер шамасында болған. 58 жастағы отағасы шай қоймақ болғанда табиғи газ желісінен шыққан газ-ауа қоспасы оқыс тұтанып, жарылған. Салдарынан 5 адам жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізілді. Оның 3-і ересек, 2-уі бала. Өкініштісі сол, ауыр күйіктен 1965 жылы туған ер адам бүгін көз жұмды. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында.

Біржан Бақтыгереев, анестезиолог-реаниматолог дәрігер:
- 1970 жылғы азаматша 95 пайыз күйік жарақатымен және 2002 жылғы азаматша 60 пайыз күйік жарақатымен жатыр. Жағдайлары қазіргі уақытта өте ауыр, ем-домын жалғастыруда. Керек жағдайда біз Астанаға ситуационный центрге шығамыз. 

Облыстық балалар ауруханасына түскен екі баланың жағдайы да алаңдатарлық. Оның бірі 4 айлық нәресте екен. Өрт 12 сағат 22 минутта толығымен жойылды. Қазір құзырлы мекемелер оқиғаның шығу себебін анықтауға кірісті.

Ғабит Бабаев, қалалық төтенше жағдайлар  басқармасының басшысы:
- Әзірге өрт оқиғасының себебі анықталуда. Қазіргі таңда ҚР ҚК 292 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды осы оқиға бойынша. Сонымен қатар сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысымен өрттің шығу себебі белгілі болады. Былтыр Атырау қаласы бойынша осындай 152 оқиға тіркелген екен. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 1 адам өрттен жарақат алған еді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов