Талдықорғандағы тұрғын үй алабы табиғи газбен қамтылды
Талдықорғандағы «Ынтымақ» тұрғын үй алабы орталықтандырылған табиғи газ құбыры желісіне қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Онда 2500-ге жуық абонент бар. Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған сапары барысында Талдықорған қаласын 2025 жылға дейін табиғи газбен толық қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын.
Міне, халық саны бүгінде 10 мыңға жетіп қалған «Ынтымақ» тұрғын үй алабында да алғашқы газдың алауы тұтанды. Қала іргесінен жер телімін алып, жеке үй салып алған тұрғындар бұған дейін отын жарып, күл шығару тауқыметін тартып келген еді. Енді үйлерін табиғи газбен жылытуға мүмкіндік алып отыр. Ол өз кезегінде тұрғындардың тұрмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Қуаныш Бақытұлы, қала әкімінің орынбасары:
- Ағымдағы жылы «Үйтас», «Жастар-2» ауылдарына газ берілді. Сонымен қатар өздеріңіз көріп отырған 2500-ге жуық ауласы бар «Ынтымақ» елді мекенін газдандыру жұмыстары аяқталды. Осындай жұмыстарды біз мына 8 дачалық мекенжайларда жүргіземіз.
«Үйтас» саяжай аумағына өткен жылдың күзінде көгілдір отын берілген болатын. Қалған 8 саяжай қоғамы мен Өтенай, Мойнақ ауылдарын газдандыру жұмыстары биыл аяқталады. 2025 жылы Талдықорған қаласы газбен тегіс қамтамасыз етіледі. Бұл – Президент тапсырмасы.
Райхан Бақберова, «Үйтас» саяжай аумағының тұрғыны:
- Саяжайымыз қазір бұрынғымен салыстырғанда көп өзгерді. Мысалы, бізге биыл ауызсу, газ, жол – барлық жағдайымыз халыққа жасалып тұр. Бізге ауылдың мәртебесін берсе екен деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласының 90%-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, Жетісу облысы бойынша бұл көрсеткіш 42,6%-ке жетті. Өңірдегі 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруды қажет етеді. Өткен жылдар ішінде 26 ауылға газ құбыры тартылып, 300 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның қызығын көре бастады. Облыста газ тарату жүйесінің құрылысына байланысты жалпы құны 8,6 млрд теңгенің 22 жобасы жүзеге асып жатыр. Соның арқасында биыл Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының іргесіндегі 6 ауылда табиғи газдың алғашқы алауы тұтанды. 2025 жылы Жетісу облысының табиғи газбен қамтылуы көрсеткішін 65,6%-ке жеткізу көзделіп отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов.