Ақтөбеде тазы иттерді өсірушілердің саны өскен
Тіпті аңға салып, көрмелерге қатыстырып жүргендері де бар, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда таза қазақы тұқымды жануарды сақтау үшін қолдау керек.
Нұржігіт Қоблабаев 2010 жылдан бері тазы өсірумен айналысып келеді. Қазір 10 шақты тазысы бар. Бірақ көбін мал шаруашылығымен айналысатын туыстарына берген. «Себебі жемтігін кең даладан ұстайтын ит болған соң оны ұзақ уақыт қамап қоюға болмайды», - дейді. Ал қолында қалған мына «бүркіт» атаулы тазысы қыс түскелі бірнеше рет қоян мен қарсақ және түлкі алған.
Нұржігіт Қоблабаев, тазы баптаушы:
- Бұл тазыны ұстау мақсатымыз, қазіргі таңда ұлттық спортқа енгізіліп жатыр тазы. Соған байланысты санын көбейтіп, тұқымын көбейтіп, шашаққұлақ, жарғаққұлақ деген тазылар бар. Жыл сайын күшігін алып, күшігін ұстаймын деген балаларға беріп, соларға үйретіп жатырмыз, аңға шығарып.
Тазы тұқымын сақтауда жеткен жетістік аз емес. Қазір облыс бойынша саны шамамен 500-ден асады. Екі бірдей ұйым құрылып, жеті қазынаның бірінен саналған иттің ерекшелігі дәріптеліп жүр. Тіпті халықаралық көрмеге шығып жүргендері де бар.
Оралбек Мақатов, тазы баптаушы:
- Соңғы 5-6 жылда шырға дамыды, тазыларымыз соған бейімделді. Соның ішінде біз жылдамдығын көреміз. Біздің Ақтөбе, Құдайға шүкір, алдыңғы қатардамыз.
Алайда таза қазақы тұқымды тазыны қорғау және оны көбейту өте маңызды. Ақтөбелік тазы баптаушылардың айтуынша, бұл мәселе қазір елдің әр өңірінде құрылған ұйымдарға ортақ. Себебі қайыңқаптал секілді итті де қазақы тазы деп насихаттаушылар көп. «Сондықтан тазылардың дамына да қолдау керек», - дейді.
Оралбек Мақатов, тазы баптаушы:
- Қазіргі кезде құжат көбісінде жоқ. Таза қанды алып шығу үшін тек қана құжаты бар иттер бір-біріне салған дұрыс болады. Қаражат керек. Ілде де «питомник» дейді ғой, оны ашу да – үлкен жұмыс. Ол – күнделікті тамақ, оған жұмысшысы керек. Жарық, газ – ол бәрі жұмыс. Ондайды жігіттер ашқысы келеді, бірақ оның бәріне қаражат жоқ.
Тазы баптаушылар: «қаны таза итті өсіруде кездесетін мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелер тарапынан қолдау керек», - дейді. Ол үшін бүгінде жолдайтын өтініштерін де тізіп қойған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.