Петропавлда мембағдарлама аясында салынған үйдің сапасы сын көтермейді
Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа үйдің сапасы сын көтермейді.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары қалай болса солай атқарылған. Шатырынан су сорғалап, қабырғадан суық үрлейді. Су мен жылыту жүйесі де жиі бұзылады. Бұл туралы әкімдік қызметкерлері не дейді?
- Вот здесь вот у нас прямо ветер. Прямо ветер гуляет.
Бұл Альфия Валимухаметованың талай жыл ақша жинап салымшы ретінде ипотекаға алған екі бөлмелі пәтері. «Жаңа деген аты ғана», - дейді әйел. Үй суық. Есік-терезесін ауыстырса да қабырғадағы жарықтардан жел гулеп тұр.
Альфия Валимухаметова, қала тұрғыны:
- Күн суытып, жел соқса болды, үйдің іші азынап кетеді. Бұл бізге ыңғайсыздық тудырады. Еден де суық. Су да жиі тоқтайды. Одан бөлек кәріз жүйесі істемей қалады.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйдің кемшіліктері бастан асады. Шатырдан су ағады. Қабырғадан сыз тартады. Бұл туралы тұрғындардың айтпаған адамы, жазбаған жері жоқ.
Наталья Николайчик, қала тұрғыны:
- Президентке де хат жаздым. Одан кейін қалалық құрылыс бөлімінен «қабырғалар мен шатырды 2023 жылдың көктемінде жөндеп береміз» деген жауап келді. Бірақ ешкім келмеді.
192 пәтерлі үйдің құрылысын 3 бөлек компания жүргізіп, әрең дегенде аяқтаған. Сапасыз жұмыстың салдары мен зардабын енді тұрғындар тартып отыр.
Михаил Милютин, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Қазір үй қалалық әкімдіктің меншігінде тұр. Олар меншік құқығын бізге бергілері келеді. Бірақ, мен өзім келіспеймін. Өйткені, үйдің жағдайы мәз емес. Ертең барлығын өзімізге жөндеуге тура келеді.
Бұл жағдаймен қала билігі де таныс. Кезінде қабылдап алған үйді енді жөндете алмай дал. Олар құрылыс компаниясын сотқа берген.
Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Құрылыстың үлкен бөлігін ТОО «Севимстальком» жасаған болатын. Бірақ олар бүгінгі таңда жаңағы олқылықтардың барлығын қайта жасамай жатыр. Сол себепті құрылыс бөлімі сотқа жүгінген болатын. 9 қаңтар күні екінші қаралым болады осыған сәйкес.
Тараптар осылай соттасып жүргенде тұрғындар қорқып отыр. Жуырда үйдің кірпішпен қапталған беті қабырғадан ажырай бастаған. Қабырғалары қақырап, опырылып құлауға жақын тұр деп алаңдайды олар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков