Судың сұрау болса, ҚазСуШар-дың делдалы бар

Түркістан облысында үш ауданның шаруалары тұзданған топырақты шаю жұмыстарын атқара алмай отыр.

Себебі су таратушы мекеме тіршілік нәрін үлестіруді делдал арқылы жүргізуді ұйғарған. Соның салдарынан баға екі есе шарықтап, қара жерді сортаң басып жатыр дейді олар.

Осылай дабыл қаққан бір топ диқан ҚазСуШар мекемесінің Шымкенттегі филиалына барды.

Бақытбек Сүлейменовтің шаруашылығына тиесілі 40 гектар суармалы алқап бар. Алайда қара жердің кесегі кеуіп, тұзданып тұр деп ашынады шаруа. Себебі сумен қамтушы мекеме араға делдал салып, бағаны екі есеге дейін қымбаттатып жіберген. «Салдарынан сор шаю жұмыстары кешеуілдеп, мемлекеттік жеңілдіктерден де қағылдық»,-дейді.

Бақытбек Сүлейменов, шаруа:

- Субсидия алу үшін бізге осы суды алғанымыз жөнінде договор керек. Төлеген ақшамыздың квитанциясы керек. Біз ол жерге құжат тігуіміз керек. Сол құжаттарды да бере алмаймыз. Сол себепті біріншіден – қымбат нарықта алып жатырмыз. Екіншіден – жаңағы жеңілдікті де ала алмай отырмыз.

Диқаншылықпен жан баққан бұқараның мәселесіне аудандық мекеме басшыларынан көмек болмаған. Сондықтан Жетісай, Шардара, Мақтаарал ауданының шаруалары ҚазСуШардың облыстық филиалына арнайы келді. Олар тіршілік нәрін тек тікелей су таратушы мекемеден алғысы келеді.

Сапарбек Адамбеков, шаруа қожалығы төрағасы:

- Бір жылдан бері осы айқай тоқтамайды. Биыл да судан қалып қойдық. Неге қалдым десем сен қарызсың дейді. Ал өнімді мақта зауытына тапсырасың олар осы күнге дейін расчет қылған жоқ. Сол себепті қалып жатырмыз. Біздің Жетісай ауданында 13-14 мың шаруа болса соған 13-14 мың келісім шарт түзіп, әрқайсысына су жеткізу біздің талабымыз.

Ал сумен қамтамасыз етуші мекемеге ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірлесіп жұмыс істеу тиімді. Өйткені өңірлердегі арық, каналдарды тазартып, су өлшеу тәртібін де солардың мойнына артқан. Бұған басты себеп салада кадр тапшы. Сондықтан кооператив шығынын тарифке қосуы заңды деп отыр.

Қазыбек Бедебаев, "ҚазСуШар" РМК Түркістан филиалының директоры:

- Ішіндегі кейбір шаруа қожалықтар оған наразы болып, ауыл шаруашылық кооперативімен емес, бізбен – тікелей ҚазСуШармен тұрсақ деген мәселелер болып жатыр. Оған да біз тұрғызамыз. Келсін, тұрсын суға. Өзіне бөлек келісім шартын береміз. Бөлек квитанциясын береміз. Бұл жағдайға біз 2024 жылдан бастап бүкіл жағдайды істеп қойдық. Тікелей отырады егерде қарыздары жоқ болса.

Шаруалардың талап-тілегінен кейін мекеме басшысы Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарына қосымша 120 маманды жұмысқа алатын болды. Тіршілік нәрін тиімді үлестіруге операторлар мен инженерлер тартылады. Осылайша суды тікелей алғысы келген диқандармен өзара келісім шарт жасаспақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, «24.KZ», Шымкент.