Өскеменде су шайып кеткен көпір жөнделеді
Өскемендегі су тасқыны бұзып кеткен көпір сәуір айына дейін жөнделеді.
Мердігер компания көпірдің төрт тірек конструкциясын ауыстырады. Нысан тасқынға төтеп беруі үшін, Үлбі өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары да жүріп жатыр. Геодезиялық зерттеу мен аэрофототүсірілім жасалды. Жұмыс көлемі анықталып, бюджеттен қаражат бөлінді. Көпір жөндеуге байланысты уақытша жабылғандықтан көліктер өзге көшелермен жүріп жатыр. Сол себепті қалада кептеліс болуы мүмкін дейді мамандар. 1950 жылы салынған өткелдің үстімен күніне 8 мыңнан астам автокөлік өтетін. Бұл қаладағы көлік ағынының 20 пайызы.
Марат Жүнісов, мердігер компания директоры:
- Қазір онда құрылысқа дайындық жүріп жатыр. Бөгет салу жұмыстары 50 пайызға аяқталып тұр. Ол көпірдің үстімен өзіміз де күнде өтетінбіз. Сол себепті қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға тырысамыз. Бұл жұмыстарды көктемгі су тасқыны қаупі туындайтын кезге дейін атқарып үлгереміз деген ойдамын.