Абай облысында еріктілер ұйымы көбейді
Қазір үш мыңға жуық волонтёр әр салада жұмыс істеп жүр.
Бірі жалғызбасты қарияларға қол ұшын созса, енді бірі жануарларды қамқорлығына алған. Осы бағытта еңбек ететін 8 үкіметтік емес ұйым, 19 бастамашыл топ бар.
Семейдегі «Четыре лапы» қоғамдық қоры 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Былтыр осы ұйымның еріктілерінің бастамасымен иесіз жануарларды қорғау орталығы ашылды. Бүгінде мұнда 150-ден астам ит пен мысық қамқорлыққа алынған.
Евгения Коломеец, волонтёр:
- Орталықта екі маман жұмыс істейді. Олар дәрігер қызметін атқарады. Ветеринарлармен ақылдасып отырады. Орталықтағы жануарлар зарарсыздандырған, вакцинацияланған және микрочиптелген. Әрқайсысында ветеринариялық құжаты бар. Тамағы, суы, медициналық көмегі, операционный блогы да осы жерде.
Облыста еріктілер қозғалысы көбейген. Өткен жылы аймақта 385 волонтерлік іс шара ұйымдастырылған. Оған 5000-ға тарта жас қатысқан. Олардың ісі көпке үлгі.
Айдос Төлеуханов, «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры:
- Жылдан жылға артып келеді. 35 жасқа дейінгі азаматтармен шектеліп қана қойған жоқпыз. Одан да асқан орта есеппен 40-50-ден асқан азаматтарымыз да сол топтарға келіп, өз көмектерін көрсетіп жатыр. Өңірде өте белсенді жастарымыз бар. Олар жалғыз басты қарттарға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға үйлеріне барып, көмектесіп жүреді.
Жергілікті волонтерлер «Семей орманындағы» алапат өрт кезінде белсенді болды. Үш жүзден астам жас арнайы құрылған штабтарда күні-түні еңбек етті. Орманшылар мен құтқарушыларға ыстық тамақ тасып, тұрғындарға түрлі көмек көрсетті.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов