Электромобиль саны он есе артты
Әлемдік автоиндустриядағы жаңа бағыт – электромобильдерге елде сұраныс артып келеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 7 мыңнан аса электромобиль тіркелген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 10 есеге артық. Бірақ көліктің бұл түрі көбейгенімен оны қуаттау орталықтары тапшы. Ірі мегаполис Алматыда бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Алматы қаласының тұрғыны, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың электромобиль тақымдағағына 1 жылдан асқан. Автосарапшының айтуынша, заманауи көліктің бағасы арзан емес. Бірақ жанармайға ақша кетпейді. Эдоковтың пікірінше, «қалада электрлі көліктерді қуаттайтын орындар тапшы. Алматыдағы 100-ге тарта орталық жеткіліксіз»,-дейді. Сол себепті, өзінің үйіне арнайы құрылғы орнатып алған. Түнде көлігін токқа қосып қояды.
Эдуард Эдоков, автосарапшы:
- Бірнеше жыл бұрын елімізге жылына 500 электромобиль кірсе, өткен жылы айына 500 электромобильге дейін әкелген. Электромобильдердің саны артқан сайын оған қажетті инфрақұрылымға деген сұраныс та өсті. Осыны байқаған жеке компаниялар бұл салаға инвестиция құя бастады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі электромобильдердің саны 7600-ден асқан. Оның 5 мыңға жуығы Алматы қаласында екен. Мәселені әкімдік есебінен шешу, бюджетке салмақ салады. Осыған орай қала әкімдігі жеке инвестиция тарту арқылы биыл 150 қуаттау орталығын орнатпақ. Ал 2029 жылға дейін тағы 500 станция қойылады.
Талант Тайнов, қалалық мобильділік басқармасына қарасты паркинг өкілі:
- Тротуарлық коммуналдық жер телімдерін көрсеттік. Олар сол жерге құрылғыларын тартып, құрылғы қоюға келісім беріп отыр. Қазіргі таңда сметалық-жобалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жеке кәсіпкерлердің қаражатына.
Былтыр Қазақстанға әкелінген жаңа электромобильдер кедендік алымдар мен салықтан босатылды. Сондай-ақ нарықта бәсеке күшейіп, токпен жүретін темір тұлпардың бағасы арзандай түсті. Егер осы үрдіс сақталса электромобильдердің саны биыл да өсетіні анық. «Сондықтан республиканың ірі қалаларын жалғайтын жолдарда электр қуаттау станцияларының санын көбейту керек» дейді сарапшы.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов, Кенже Амраев