Жамбыл облысында газ берілген ауыл тұрғындарының кейбірі от жағуға мәжбүр
Жамбыл облысындағы Өрнек ауылы 10 жыл бұрын газға қосылса да тұрғындардың кейбірі от жағуға мәжбүр.
Себебі газ магистралін жүргізген компания бір көшеге құбыр жүргізбей жұмысты орта жолда тастап кеткен. Тұрғындардың сөзінше, ауылға көгілдір отын тартылған шақта, мердігер үйді-үйге жалғау үшін қосымша қаржы жинаған. Бірақ елді мекен шетіндегі халықтың жағдайы болмай, қалып қойыпты. Содан көшеге орталықтандырылған газ желісі де кірмей қалған. Жобаны сол тұстағы жауапты бөлім басшылары қабылдаған. Салдарынан қазір қалған жұрт отын жағып отыр. Десе де газ келер деген үмітпен, құрылғыларын даярлап қойған. Ал әкімдік өкілдері «көшеге газ құбырын салуға қайта қаржы бөлінбейді»,- дейді. Өйткені аталған елді мекен толық газдандырылған ауылдар тізімінде тұр. Енді округ әкімі мәселені шешу үшін демеуші іздеп сабылып жүр.
Гүлмира Боранбаева, Өрнек ауылының тұрғыны:
- Дайын тұрған материалды бізге жаңағы, шырпымызды қойып берсе. Әркім әрі қарай өздері өз қалтасына қарай газды кіргізіп алады ше. Трассаны жүргізіп берсін. Сендерге біз трассаны да жүргізіп бермейміз әрқайсыларың өз қалталарыңнан жүргізесіңдер дейді. Қайақтың біз өйтіп жүргізетін. Үй суық. Көмір алған жоқпыз. Отынмен от жағып отырмыз. Декабрьге дейін мен жүгірдім жылдың соңына дейін. Облыс әкіміне барам аудан әкіміне барам. Барсаң бара бер, дейді.
Айбек Әбішев, Өрнек ауылының әкімі:
- Жеке фирмалардың бәрін алып келдім бұл жерге. Есептеттім бағаларын да басқасын да шығарып берді. Каждый үйге где то 350-400 мыңның төңірегінде. Бюджеттен ақша қарастырылмаған. Тек ғана өздерінің қаражаты есебінен немесе демеуші есебінен кіргізуге жоспарлап отырмыз қазір.