Бұқарадан тек қолма-қол ақша талап ету заңсыз

Базарда тұрған кей ағайын мен дүкеншілер жұртты әуреге салып қойды.

Такси жүргізушілерінің де біразы қолма-қол ақша сұрайды. Өйткені келесі жылы жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын салық органдары тексереді. Салық төлеуден қашқандар енді бұқарадан қағаз ақша талап етуге кірісті.

Әуреге түскен жұрт банкомат алдында кезекке тұруға мәжбүр. Мамандар мұның заңсыз екенін айтады. Кез келген жеке кәсіпкерде төлем құрылғысы болуға тиіс. Сатушы сол аппарат арқылы төлем қабылдаудан бас тартса, жауапқа тартылады.

Бірінші рет ескерту беріледі. Екінші жолы 147 мың теңге айыппұл салынады.

Мобильді аударымдарды салық органдары тексереді деген хабар тарағалы халықтан маза қашты. Базардағы сатушылар қолма-қол ақша талап етуге көшті. Өйткені 3 ай ішінде есепшотқа 100-ден астам аударым жасалса, органның назарына ілігеді. Ал кірісін жасырған кәсіпкер жауапты болмақ.

- Халық қазір, мысалы, кезекте тұр ғой, банкоматтардың алдында қолма-қол ақша іздеп. Соның барлығын әуреге салмай, бизнесмендер, жаңағы ИП –  барлығы сол жаңағы пайызын төлеп, 3%-дығын, өздері солай жағдайды істей берсе болады ғой.  

- Салықтардан бүкіл пенсионерлерге, зейнеткерлерге зейнетақы төленеді. Содан кейін мұғалімдерге, «бюджетниктерге» дейміз, соларға айлықтары төленеді. Қаланы тазартады, мынаның бәрі – ақша.

- Кәсіпкерлер қулықты жасамасын. Сол 3% төлеу керек пе – төлесін содан. Меніңше, ол – дұрыс нәрсе.

Бұл өзгеріс жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аясында жүзеге асады. Тексеріс бірнеше кезеңді қамтып отыр. Былтыр мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының есепшоттары қаралды. Биыл квазимемлекеттік сектор қызметкерлері назарға алынды. Ал келесі жылы жеке кәсіпкерлерге қатысты жан-жақты тексеру жүргізілмек. Ал жалпы жұртшылық шотындағы ақша бойынша күдік туындаса, тек 2026 жылы есеп береді. Сондықтан мұның қарапайым халыққа әзір еш қатысы жоқ.

Алпамыс Үдербаев, салық кеңесшісі:

- Сіз, мысалы, 2023 жылдан бастап болған болса жеке кәсіпкерлігіңіз, сіздің осы жылғы, 2024 жылғы бүкіл есепшотыңыздағы қозғалыс, Kaspi-дегі қозғалыстың бәрі келесі жылы салық органдарына беріледі. Сол бойынша сіз осы жылы тапсырасыз ғой, келесі жылы сізге салық органдарынан хабарландыру келеді. Біздің банк берген мәлімет бойынша сізге осындай ақша түскен, сіз осындай көрсетіп тұрсыз деген.

Сарапшының айтуынша, қарапайым халықтың аударымды оңды-солды қабылдай беруіне тағы болмайды. Себебі 2026 жылы кейінгі 3 жылдың есебі қаралуы мүмкін. Бұл тек күдік тудырған жандарға ғана қатысты. Мамандар: «ақша аударымдарының бақылауға алынуы – ел экономикасының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ауадай қажет қадам», - дейді.

Мақсат Халық, экономист:

- «Көлеңкелі экономика» деген бізде ұғым бар ғой. Сол жерде қанша қаражатты кім қалай жасырып отырғаны белгісіз. Азаматтарымыз қазір айтып жатыр, неге біз оны жария ету керекпіз, неге біз табыстарымызды бәріміз көрсетуіміз керек деген сияқты. Менің ойымша, бұл – дұрыс қадамдар. Қоғамымызда тіпті коттеджде тұрып жатса да, шетелде вилласы, яхтасы бар азаматтар болса да, салықтан жалтарып отырғандар бар. Сондықтан бұл шара сондай азаматтарды анықтауға бағытталады.

Салық органдары кез келген кәсіп иесіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге кеңес береді. Мәселен, такси жүргізушілері «e-Salyq Business» қосымшасына тіркелуіне болады. Төлейтін салық сомасы 1% бен 4% аралығында ғана. Одан артық ақша ұсталмайды. Тағы бір айтып өтетіні, торқалы той, топырақты өлім кезіндегі шашу мен батаны салықшылар есепке алмайды.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Артур Горшняков, Мадияр Қындыбаев.