Елімізде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталды. LIVE
Еліміздің көптеген өңірінде қаңтар және ақпан айларында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін.
Қазгидромет осындай болжам жасап отыр. Жауын-шашын мөлшері де нормадан көп түсуі ықтимал. Осы кезге дейін оңтүстік және солтүстік өңірлерде температура күрт төмендеп, оның үстіне қалың қар болмағандықтан, жер қатқан. Енді осы аймақтар қазірден бастап су тасқынына қарсы жоғары дайындық режиміне көшуі керек. Мұны Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Сырым Шәріпханов өткен жазда ғана тайындалған. Яғни, бұл – Шәріпхановтың министр ретінде өткеретін алғашқы қысы. Түгел елге жауап беру керек. Оңай емес. Әр жылы әр өңірді су басып жатады. Биыл да қатер жоқ емес. Сондықтан Үкімет отырысында бұл мәселе бүгін арнайы қаралды. Министр су тасқынына қарсы 39 мыңнан астам адам, 11 мың техника, 500-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпадан тұратын арнайы топ құрылғанын атап өтті.
5 ақпаннан 5 наурызға дейін «Қазгидромет» тағы алдын-ала және нақты болжам ұсынбақ. Осыдан соң қажет болған жағдайда резервтік топтар даярланады.
Министр Шәріпханов су тасқыны кезеңі тұрақты өтуі үшін Үкімет басшысына өңір әкімдіктеріне мынадай тапсырма беруін сұрады.
Бірінші, елді мекендерден қауіпсіз орындарға, оның ішінде ауылдық жерлерден қарды уақытылы шығару. Екінші, қардың еруін тездету үшін егістік алқабын жырту, үшіншіден, жарылыс жұмыстарын жүргізетін орындарды алдын-ала нақтылау, төртінші, елді мекендердегі арық, кәріз жүйелерін және автомобиль, теміржолдардың астындағы су өткізу нысандарын қоқыстан, қардан және мұздан тазарту, бесіншіден, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарда және олардың бұзылуы мүмкін аумағында сақтық шараларын күшейту.
Міне, осының бәрін уақытылы орындаған кезде су тасқынының алдын алуға болады. Ал жылда өтетін республикалық оқу жаттығу жиыны биыл Ақтөбеде өтпек.