Балабақшалар екпе алмаған баланы қабылдамауға құқылы
Денсаулығы сау бола тұра қызылшаға қарсы екпе алмаған баланы балабақшалар қабылдамауға толық құқылы, деп хабарлайды 24KZ.
Медициналық тексеру нәтижесінде баланың бойынан кінәрат анықталған жағдайда ғана ата-анасы вакцина салдырудан уақытша бас тарта алады. Онда да бүлдіршіннің баратын мектепке дейінгі мекемесінде ұжымдық иммунитет деңгейі 90%-тен төмен болмауы керек. Мәселен, балабақшада 20 бала тәрбиеленсе, оның тек екеуі медициналық қарсы көрсеткіші бар анықтамамен қабылданады. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының төрағасы Манар Смағұл айтты.
Манар Смағұл, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының төрағасы:
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 289 бұйрығы бар. 2020 жылы 20 желтоқсанда қабылданған. Ұлттық күнтізбеге сәйкес қызылшаға қарсы балабақша бойынша 1 жасында вакцина алуы керек. Әр ата-ана баласы балабақшаға бару үшін медициналық тексеруден өткізеді. Сол кезде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинация алу қажеттілігі көрсетілген.
Айта кеткен жөн, былтыр елге әкелінген 1,5 млн дозаның бүгінде жартысына жуығы пайдаланылды. Жоспарға сәйкес жыл сайын 700 мың доза егіледі. Қосымша иммундау науқаны негізінде 2 мен 4 жас аралығындағы 900 мың баланың 600 мыңнан астамы екпе алды. Үндістан елінің өніміне, оның сапасы мен қауіпсіздігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік береді. Препараттың бұл түрі әлемде 60 жыл бойы қолданылып келеді. Аурудың алдын алу күнтізбесі бойынша жоспарлы екпе негізі 2 мәрте беріледі. Бала алғашқы екпесін 12-15 айлығында және екіншісін 6 жасында алады.