Қарағандылықтар үйлерінде орналасқан дәмханалардың өрт қауіпсіздігіне алаңдаулы
Қарағанды қаласында 500-ден астам ірілі-ұсақ қоғамдық тамақтану орыны бар.
Олардың жартысынан көбі үйлердің төменгі қабаттарында орналасқан.
Орал қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін қарағандылықтарды да осы мәселе ойландыра бастады. Бірақ шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий алынып тасталса да жауапты мамандардың қолы байлаулы.
Бұл Қарағанды қаласындағы ірі мейрамханалардың бірі. Ішінде қонақүй, монша, караоке сынды көңіл көтеру орындары бар. Содан болар келушілер саябырсыған емес. Сондықтан әкімшілік өрт қауіпсіздігіне баса мән беретіндерін айтады.
Сабыржан Серазутдинов, мейрамхананың басқарушы директоры:
- Бұл біздің газгольдер. Ол жерге көмілген. Жер астымен келетін темір құбырлар бар, сол арқылы асханаға көгілдір отын жеткізіледі. Нәтижесінде асханада ешқандай газ баллон ұстамаймыз. Осы жүйенің ешқандай қаупі жоқ. Газбен жұмыс істейтін мамандарды жиі шақырып, тексертіп тұрамыз.
Қарағандыдағы 300-ден астамы көпқабатты үй астында орналасқан нысандарда газ қауіпсіздігін тексеру ТЖ мамандарының құзырында емес. Оны тұрғын үй инспекция өкілдері бақылайды. Қысқасы жауаптылар газ мәселесін тұрғын үй инспекциясына, ал өрт мәселесін ТЖ-ға теңдей бөліп берген. Бір қызығы мороторий алынса да, тұрғындардан шағым түспесе ешкім де барып газбен өрт қауіпсіздігін тексере алмайды.
Темірлан Әбілқасымов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Егер үй екі қабаттан асса онда газ баллондарды пайдалануға болмайды. Оны ескермегендер үшін айыппұл көлемі жеке тұлғаларға 7 ал шағын кәсіп өкіліне 10, орта кәсіп өкілдеріне 15, ірі кәсіп өкілдеріне 20 АЕК көлемінде болады. Айыппұл салу үшін тұрғындар көпқабатты үй немесе жалғана салынған орындарға газ балондарды кіргізіп жатқан кезде суретке түсеріп алып, бізге жіберуі керек. Осындай айғақтардың нәтижесінде ғана айыппұл салынады.
Алишер Аманбеков, ТЖБ аға инженері:
- Әрқашан әр объектіде жарамды өрт сөндіру құралдарымен автоматты өрт дабылы құрылғылары қамтылуы керек. Одан басқа әр шара сайын егер оған 50-ден астам адам болса міндетті түрде эвакуациялық 2 шығу есіктері болуы керек.
Қысқасы тұрғындардың белсенділігі болмаса заңды елемегендер газ балондарды қалауынша пайдалана беруі мүмкін. Мамандар болса «Орал қаласындағы қайғылы жағдай бірінші кезекте заңды елемейтін кәсіпкерлерге сабақ болуы тиіс»,- дейді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар