10 қаңтар Ұлттық ұланның құрылған күні
Бүгін Ұлттық ұлан әскерінің құрылған күні.
Елде қоғамдық тәртіпті қадағалайтын құрылымның сарбаздары қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Әр жауынгер темірдей тәртіпке бой үйреткен. Әскери бөлімдерде оларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Түрлі сынақтарға шынықтырумен қатар дарындылардың шығармашылық қабілетін дамытуға да мүмкіндік берілген.
Мұхаммеджан елордадағы №6636 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарып жатыр. Маңғыстаулық бозбала бұған дейін мобилограф болып, түрлі жарнамалар түсірген екен. Ал қазір жауынгерлік өмірдің қиын да қызықты сәттерін видеоға түсіріп, әрленген күйінде әлеуметтік желіге жүктеп жүр. Оған құрылым басшылығы тікелей қолдау білдірген.
Мұхаммеджан Сағынбай, қатардағы жауынгер:
- Барлығы өте жақсы. Мен ойлағаннан да өте керемет болып жатыр. Әскер дегенде бәрінің бойына қорқынышты нәрселер келеді, бірақ барлығы мен ойлағаннан да мықты болып жатыр. Әскери бөлімнің қандай деңгейде екенін видеоролик арқылы жеткізіп жатырмыз. Арнайы операциялар, оқу-жаттығулар, соларды түсіргім келеді.
Қаз қатар тізілген бұл сарбаздардың әскерге келгеніне небәрі 20 шақты күн болған. Олар ішкі тәртіп пен қару қолдану тақырыптары бойынша дәріс тыңдап отыр. Штаб бастығының айтуынша, сарбаздар қатарында өнерлі әрі спортқа икемді жастар жетіп артылады.
Арнат Сыздықов, №6636 әскери бөлімі оқу пунктінің штаб бастығы:
- Бұлардың өздеріне 50 минуттық жеке қажеттілігіне берілетін уақыт бар. Ол уақытта сарбаздар кітап оқыса болады, гитара тартса болады, домбыра тартса болады. Өзінің ынтасын танытады. Келіп жатқан 130-дан астам сарбаздың ішінде неше түрлі өнерлі сарбаздар бар. Өлең айтатын сарбаздар бар, спортшы сарбаздар бар. Мысалы, біздің Ұлттық ұлан қатарында әлем чемпионатынан келіп жатқан спортшылар да қызмет атқарып жатыр.
Мұндағы жауынгерлер елдің 6 облысынан жиналған. Олар елордада қоғамдық тәртіпті қадағалауға жұмылдырылады. Жүктелген міндеттің жауапкершілігін әрқайсысы жақсы біледі. Сондықтан ел үшін аянбай еңбек етуге әзір.
Оразәлі Дербес, қатардағы жауынгер:
- Өмірлік дисциплинаға үйреніп жатырмыз, үйден алыс шығып қалай жүру керек екенін, қалай өзіңді тәрбиелі ұстау керек екенін. Әлімжеттік деген ондай нәрсе жоқ. Өйткені біз әскери бөлімде болғаннан кейін бізге жақсы қарайды адамдар.
Ұлттық ұланның құрылғанына 32 жыл болды. Осы аралықта бұл құрылым қоғамның тыныштығын күзетіп келеді. Жауынгерлер ел алдындағы борышын адал атқарды. Талайы көзсіз ерлікке барды. Өйткені әскери қызмет - борыш, абырой және құрмет!
Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев