Орал тұрғындары табиғаттың ерекше құбылысын тамашалады

Кеше кешкісін Орал қаласының солтүстік бөлігіндегі шағын аудан тұрғындары табиғаттың ерекше құбылысын тамашалады.

Көшедегі шамдардың шұғыласы аспанға шашылып, бірнеше сағат бойы жарық бағандары пайда болды. Көкке найзадай қадалған сәулелердің бұл көрінісін ғалымдар оптикалық эффект деп түсіндіреді. Жарық бағандары көлденең формадағы мұз түйіршіктерінің шағылысуынан шығады. Мұны мамандар «жылы күндерден кейін қатты аяздың түсуімен байланысты метереологиялық құбылыс» деп түсіндіреді.

Дінмұхаммед Есқалиев, Батыс Қазақстан университеті география факультетінің аға оқытушысы:

- Жалпы оның қалыптасуына бірнеше жағдай керек. Бірінші ауа температурасының өте төмендеуі – 20 градусқа дейін және одан да төмендеуі. Екінші ауа ылғал болуы керек. Үшінші ондай қатты жел болмауы керек. Сондай жағдайда ауадағы ылғал мұз кристалдарына айналады. Сол мұз кристалдары көлденең жағдайда орналасады да төменнен шыққан сәулелер шағылысып жарық бағандарын құрайды.