Атырау облысында 59 мың адамға вакцина салынады

Атырау облысында қызылшаға қарсы екпе салу қарқыны баяу, деп хабарлайды 24KZ

Өңірде 59 мың адамға вакцина салу жоспарланған. Бірақ екпе алғандардың саны осының тең жартысына да жетпейді. Мамандар: «облыста жұқпалы дертке қарсы препарат жеткілікті», - дейді.

2021-22 жылдары Атырауда қызылша ауруы тіркелмепті. Бірақ биыл жағдай ерекше күрделі. Облыс бойынша 7 мың адам қауіпті індетті жұқтырды деген күдікке ілінген. Соның ішінде 2300 науқастың дерті зертханалық жолмен дәлелденді. Індет әсіресе балалар арасында өршіп тұр. 

Айкөркем Нұрғалиева, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Қазіргі ауырып жатқандардың басым көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың барлығы – екпе алмағандар. Қызылша ауруының алдын алудың ең басты тиімді жолы вакцина-профилактика болып саналады.