Астанада жеделсатыны қасақана зақымдаған әйел ұсталды
Астанада тұрғын үй кешенінің жеделсатысын қасақана бүлдірген әйел ұсталды.
Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Вандализм салдарынан пәтер иелеріне 1,5 млн теңге шығын келген.
Бейнебақылау камерасынан
Әйел адам жеделсатыға кіріп, есікті ұрып-тепкен. Кейін үшкір зат алып, қабырғаларды сызып тастаған. Оның бұл әрекеті бейнежазбадан анық көрінеді. Оқиға Жирентаев көшесіндегі тұрғын үйде болған.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл жеделсаты былтыр ғана орнатылған екен. Байқағанымыздай, қалыпты жұмыс істеп тұр. Оқиға болған күні де ешқандай техникалық ақау болмаған.
«Жап-жаңа ортақ мүлікті не үшін бүлдіргені түсініксіз»,- дейді тұрғындар. Құрылғы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында ауыстырылған. Оның құны 15 млн теңге. Бұл төлемді пәтер иелері ай сайын бөліп төлеп отыр.
Жанияз Есілбаев, қала тұрғыны:
- Ондай нәрсе болмау керек негізі. Ол негатив қой, былай қарасаңыз. Лифт жақсы жұмыс жасайды. Өткен жылы ауыстырды жаңа лифтке. Жақсы.
Жеделсаты компанияларының қауымдастығы бұл оқиғаның салдарынан тұрғындарға едәуір шығын келгенін мәлімдеді.
Владимир Табашнюк, "Жеделсаты компанияларының қауымдастығы" ЗТБ төрағасының орынбасары:
- Шығын көлемі есептелді. Ол 1,5 млн теңгеге жуықтайды. Өйткені кабинаның ішін қайтадан жаңартуымыз керек. Бұзақылыққа барған адам жауапқа тартылып, шығын өтелуі тиіс.
Полицейлер мән-жайды дереу анықтады. Күдікті - 33 жастағы елорда тұрғыны. Оған қатысты екі бірдей әкімшілік іс қозғалған. Соттың шешімімен әйелге 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Гүлмира Шырахметова қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы:
- Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 432-бабы, яғни, "Қоғамдық орынды ластау" және 434-бап "Үзақ бұзақылық" баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала меншігіне қамқорлық жасауға шақырады.
«Былтыр елімізде вандализмге қатысты жаза күшейтілді. Бөтеннің мүлкіне қасақана залал келтіргені үшін салынатын айыппұл мөлшері ұлғайды. Алайда мұндай жаза шығын көлеміне қарай әрқилы қолданылуы қисынсыз», - дейді заңгер.
Илья Князев, заңгер:
- Вандализмді "ұсақ бұзақылық" және "қоғамдық орынды ластау" деп жіліктеудің қажеті жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кінәлілерге 2 мың АЕК мөлшеріне дейін айыппұл қарастырылған. Вандализмге қатысы барлар бірыңғай жазалануы керек деп ойлаймын.
Пәтер иелері шығын көлемін толық өтеу үшін азаматтық сотқа жүгінбек. Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда вандализм бойынша 2 мыңнан астам дерек тіркелген.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов