Павлодар облысында қатты дауыл 5 мектептің шатырын ұшырып әкеткен
Кеше түнде Павлодар облысында желдің жылдамдығы секундына 37 метрге жетті.
Қатты дауыл бес ауыл мектебінің шатырын ұшырып әкеткен. Сондай-ақ облыс бойынша сегіз ауданда 117 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Бұл шамамен 4 мыңнан астам абонент. Қазір желдің әсерінен үзіліп кеткен электр сымдарын жалғап, құлаған бағаналарды орнатумен 56 жөндеу бригадасы айналысып жатыр. Барлығы 168 адам, 56 бірлік техника қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. Қазіргі уақытта келтірілген залал есептелу үстінде. Қолайсыз ауа райына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдардың 20 –дан астам бөлігінде шектеу енгізіліп, полиция бекеттері қойылды. Авариялық - құтқару жұмыстары негізінде 8 адамға көмек көрсетілді. Баянауыл ауданында мал қарауға шығып қайта оралмаған адам іздестіріліп жатыр.
Асқарбек Омаров, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Екі авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді тасжолдарда. Оның себебінен сегіз адам және екі бала құтқарылып, 4 адам эвакуацияланды және 11-ші қаңтар күні сағат 3-тен 50 минут кеткенде Төтенше жағдайлар департаментіне Баянауыл ауданында малшы жоғалғаны туралы хабарланды. Қазір осы малшыны іздестіру жұмыстары өткізіліп жатыр.