Дәрігерлер 10 күнде 3 адам ағзасын алмастырды

Қай елдің дәрігері ағза алмастыра алса, сол ел – дамыған мемлекет.

Әлем медицинасында осындай түсінік бар. Біздің дәрігерлер де 10 күн ішінде 3 операция жасап, науқастарға жаңа өмір сыйлады.

Таяуда Ұлттық онкологиялық орталықта ем алушы Айжан Құдароваға операция сәтті жасалғанын көрсеткен едік. Енді пациенттің туыстары дәрігерлерге алғысын айтып жатыр.

Жаңа жылдан бері Ұлттық онкологиялық орталық 3 адамға жаңа өмір сыйлады. Бірі бауыр, бірі бүйрек, бірі жүрегін ауыстырды. 3 науқасқа 2 мәйіт донор табылған. Қазір үшеуінің де жағдайы тәуір.

Арман Маралбай, трансплантолог-дәрігер:

- Соңғы 10 күн ішінде 2 мәйіттік донор табылды. Бауыр отасы жасалды, 7 қаңтар күні, 8 қаңтар күні бүйрек отасы жасалды және де кардиохирургия орталығында жүрек отасы жасалды.

Елде алғашқы трансплантация операциясы 45 жыл бұрын жасалғанымен, 2012 жылдан бері ғана кеңінен дамып келеді. Бұл күнде дәрігерлеріміз өкпе, жүрек, бауыр, ұйқы безімен қатар көздің мөлдір қабатын трансплантациялайды.

Айгүл Құдарова, А. Құдарованың туысқаны:

- Менің сіңлім әрбір диалезден кейін қосыла алмайды бізге келіп. Келеді де, жатып қалады. Қап-қара болып. Қан қысымы көтеріліп кетеді. Осы 7 жыл бойы қиналды. Мәйіттік донордың туысқандарына рақмет айтқым келеді. Екіншіден, басшыларға рақмет айтқым келеді. Ешқандай қорқыныш жоқ екен. 1 адамның мәйітінен 5 адам құтқарылып қалып жатыр.

Иә, бір адамның мәйіті бірнеше адамды ажалдан алып қалады. Тек біздің елде мәйіт донор табу оңай емес. Қайтқан адамның туысқандары келісім бере қоймайды. Ал ортамызда бауыр мен бүйрек ауруына шалдыққандар көбейіп барады. 2023 жылы тірі донордан 61, мәйіт донордан 2 бүйрек алынып, трансплантация жасалды. Тағы 13 тірі ағза және 3 мәйіт донордың бауыры 16 жанға өмір сыйлады. Қазіргі уақытта елде 4000 мыңға жуық адам донор күтіп отыр, оның 84-і – бала.

Авторлары: Зарина Кәп, Диас Ковланбаев.