«Асыл арман» анимациялық фильмі көрсетілді

Жаңа жылдық тосынсый. Бүгін «Хабар» Агенттігі» мен «Walt Disney» киностудиясы бүлдіршіндерге «Асыл арман» деп аталатын анимациялық фильмді көрсетті.

Астанадағы Chaplin кинотеатрында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қайырымдылық қорының қамқорлығындағы жеткіншектер ерекше туындыны тамашалап, мәз-мейрам болды. 

Шынайы эмоцияны көргіңіз келсе баланы қуантыңыз. Жыласа да, күлсе де бүлдіршінде бәрі бүкпесіз. Бір топ балаға бүгін «Хабар» қуаныш сыйлады. Chaplin кинотеатрында көрсетілген «Асыл арман» анимациялық фильмі «Walt Disney» киностудиясының өнімі. Туынды аталған компанияның 100 жылдық мерейтойы аясында түсіріліп, әлемдік прокатқа шыққан. Бүгін анимациялық фильмді балалар үйінің тәрбиеленушілері мен «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қорының қамқорлығындағы бүлдіршіндер тамашалады.

Сәния Шәкір:

- Маған мультик қатты ұнады. Бәрі ұнады. Керемет, сол персонаж ұнады. Мультфильм несімен ұнады? Мульфильмнің арманы, сол қызықты, арманы сосын жұлдыз. Сыйлықтар үшін рақмет айтамын. 

Ұйымдастырушылар бүгін ұзын ырғасы 150 бүлдіршінді қуантты. Жалпы балаларға қамқорлық таныту «Хабар» Агенттігінің айрықша назарында. Жеткіншектер сиқырға толы туындыны тамашалап қана қойған жоқ, отандық «Баян Сұлу» компаниясы ұсынған сыйлыққа ие болды. Атап өтейік, бұл фабрика елдегі кондитерлік өнімдердің ірі өндірушісі саналады. 300-ден астам өнім шығарады.

Ботагөз Сұлтанова, «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қорының жетекшісі:

- Балалар өз алдына, бүгінгі қайырымдылық шарасы ата-аналарға да қуаныш сыйлады. Ғажайыптар әлеміне тап болғандаймыз деп жатыр. Шынында ерекше әсердеміз.

Мұхаммедияр Қожанов, қала тұрғыны:

- Осындай іс-шара ұйымдастырып отырған «Хабар» арнасына, Баян-Сұлу мынау сыйлықтарын беріп жатқанына осындай ерекше балаларды қолдап, мультфилм көрсетуді ұйымдастырып жатқанына алғысым шексіз. Балаларымыз өте қуанышты. Әсерлерімен, эмоцияларымен бөлісуде.

«Асыл арман» «Walt Disney» киностудиясының толықметражды мультфильмі. Мұнда достық, мейірім мен татулық сынды игі құндылықтар насихатталады. Яғни түпкі мақсат - балаларды қуанта отырып, тәрбиелеу. 

Авторы: Қорған Қонысбайұлы