Көкшетауда мейрамхана мен дәмханалардағы өрт қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Әсіресе тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан нысандарға бақылау күшейді.

Қалада осындай 200-ден астам қоғамдық тамақтану орыны бар. 

Көкшетауда тұрғын үйлердің төменгі қабатында дәмхана көбейген. Біразы газ баллонын қолданады. Осы орайда қауіпсіздік шаралары сақталмайды дейді мамандар. Әсіресе үй тұрғындары алаңдайды.

Ерсайын Қойшыбаев, қала тұрғыны:

- Егер мейрамханалардағы газ баллон жарылса, онда сол нысан ғана емес бүтін бір үй зардап шегеді. Сонда тұратын тұрғындардың да өміріне қауіп төнеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаулары қажет.

Кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий аяқталғанымен, өрт сөндірушелер кез келген уақытта тексере алмайды. Соңғы алты айда өрт шыққан және тұрғындар шағымдаған тамақтану орындары ғана тексерілді. Ал кәсіпкерлер барлық талапты сақтап отырмыз деп уәж айтады.

Сунат Сүлейменов, дәмхана басқарушысы:

- Біздің мекемеде өрт сөндіргіш құралдар мен өрт дабылдағыштар орнатылған. Қажетті қауіпсіздік ережелерін сақтап отырмыз. Кешегі мораторий кезінде де осы талаптарды естен шығармадық. Біз ашылғалы газ баллон қолдандаған емеспіз. Тек электр қондырғыларын пайдаланамыз.

Жалпы былтыр қала бойынша 200-ге жуық өрт болған.  Оның ішінде екі қоғамдық тамақтану орны өртенген.  Сондықтан,  жауаптылар өрттің алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рейдтерді көбейтіп жатыр.  

Руслан Молдағұлов, төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

-Рейд барысында кейбір мейрамханаларда өрт қауіпсіздігі сақталмағаны анықталды. Яғни газ баллонын қолданып, эвакуациялық жоспарлары мүлдем болмай шықты. Біз алғашында тек ескертіп, қандай олқылықтарды ретке келтіру керек екенін айтамыз.

Алғашқы тексеріс кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша тек ескерту беріледі. Дегенменбелгілі бір мерзімде кәсіпкерлер кемшілікті жоюы керек. Ал қайта тексеру барысында анықталса онда оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко