Өңірлерде жылы аялдама «жыры» бітер емес

Елдің бірқатар өңірінде тұрғындарға қолайлы болады деп салынған жылы аялдамалардың «жыры» бітер емес.

Қыс түссе, үйсіз-күйсіздердің мекеніне айналатын нысандардың көбі жайлы қолданысқа мүлдем келмей қалған. Кейбірінің тіпті терезесі сынып, қала көркін қашыратын күйге жетті. Қыруар қаржыға салынған олардың күтіміне кім жауапты?

Бұл – Атырау қаласының аялдамалары. 2018 жылы әрқайсысы 12 млн теңгеге 23 данасы салынған. Содан бері барлығы дерлік жөнді жұмыс істемейді. Қыста жылы, жазда салқын болады деген нысаннан тұрғындар қайыр көрген емес. Керсінше, қыста қара суық, жазда қапырық. Қалалық әкімдік бұл аялдамаларды әуелі сенімгерлік басқаруға берген. Бірақ жұмыс көңілден шықпаған соң қайта өз теңгеріміне алыпты. Қазір «күтіп-баптау жұмыстары үшін қаржы қарастырылып жатыр», - дейді жауаптылар.

Аман Латифов, қалалық ТКШ бөлімі секторының бас маманы:

- Қазір бұл жұмыстармен «арнаулы автобаза» мекемесі айналысып жатыр. Сонымен қатар, айта кететінім, бұл жылы аялдамаларды күтіп ұстауда қиындықтар туындап жатыр. Вандализмге жол беру тұрғындар тарапынан. Күтіп ұстауға қолдау болса деген ұсынысымыз бар.

2022 жылы Қарағанды қаласында 13 жылы аялдама салынған. О баста нысандарда бейнебақылау, күзетші адам, сондай-ақ жылу тепловизорлары болады делінген еді. Әрбіріне 8 млн теңгеден сәл астам қаржы жұмсалған. Арада 1 жылға жетер-жетпес уақыт өтті. Павильондардың қазіргі күйі жайлы тұрғындар былай дейді.

- Түнде немесе басқа кездері ішіп алған адамдар немесе үйі жоқ адамдар отырады ғой. Мысалы, қазір аялдама расыменде сасып тұр. Осы күндері жұмыстан келетін адамдар бар немесе оқушылар бар сабақтан кейін келетін, көбісін ата-анасы алып кете алмайды. Сондықтан осы жылы аялдамалар қатты қажет.

- Кішкене жылу болса, өйткені базардан, анда-мында шаршап, тоңып келеді ғой. Орындықтарын жақсартса жақсы, бәрі жақсы. Таза, бір жақсысы, тап-таза, қараңызшы.

- Кейбір кезде болады енді, кешке жақын үй-күйсіз адамдар сияқты ішкен кісілер жатады. Сол кезде байқаймын, көп емес, кейде болады.

Әкімдік мамандары да мәдениеті төмен жандардың аялдамаларды ластап кететін әрекетінен мезі болған. Себебі аптасына екі мәрте тазаланып отырса да, әр келген сайын қоқыс тау төбе болып жатады, - дейді. Ал техникалық ақау қалыпқа келеді деп сендірді,

Дінмұхамед Райымбеков, Қазыбек би ауданының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы:

- Негізі аялдамалардың барлығында жылу пештері бар. Бірақ кейбірі істен шығып, оларды уақытша алып тастадық. Жөндеп болған соң қайтадан орнына қоямыз. Біздің суық климат үшін мұндай аялдамалар керек. Осыған қарамастан кейбір азаматтар ішіндегі мүлікті көпе-көрнеу сындырып тастайды. Ұсталған кезде мас күйінде болады. Біз оларды полицияға тапсыраамыз. Басқа амал жоқ.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандыдағы 13 жылы аялдамаға кезінде бюджеттің 160 млн теңге қаржысы жұмсалған. Енді жауаптылар бұл аялдамалардың ішіне байнебақылау камераларын орнатып, оны полицияның жедел әрекет ету орталығына қосуды жоспарлап отыр. Тәртіп сақшыларымен бірлескен кезде ғана мұндағы тәртіп жөнделері бәлкім.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.