Арал қаласында 76 жастағы марафоншы тұрады
Қызылорда облысының Арал қаласында 76 жастағы марафоншы тұрады.
Семей полигонының ардагері Серік Өтепәлиев ондаған шақырымға жүгіруге бес жасынан бастап машықтанған. Тіпті жетпістің желкенін көтерген шағында 500 шақырым жолды жаяу да, велосипедпен де жүріп өткен.
Серік Өтепәлиевтің қашықтыққа жүгіруге қызығушылығы 5 жасында басталған. Әкесі қаршадай кезінен еңбекке баулыпты. Көрші ауылдарға жаяу қатынып жүріп, желаяққа айналдым,-дейді қарт марафоншы.
Серік Өтепәлиев, Арал қаласының тұрғыны:
- Бес жасымда түйеге барып кел,-дейді. Мен жүгіремін, барып келемін. 5 шақырымнан 10 шақырым күнде түйені алып келіп, жүгіруге машықтандым. Содан бастап өзіме жан досым қылып алдым.
Серік Өтепәлиев Семей полигонының зардабын татқан әскерилердің бірі. Кейін Арал маңында кеме жөндейтін зауытта еңбек еткен. Бірақ спорттан бір сәт алыстамапты.
Тоғанбек Тиышов, Арал қаласының тұрғыны:
- 1968 жылы судоремонтный завод болды Аралда. Сол кезде марафонский бег дейтін бар, қашыққа жүгіреді, жас бала ол кезде. Содан бері жүгіріп келе жатыр ғой. Ауруға шыдам беріп, сол спорттың арқасында ауырмай жүргені сол ғой шынында.
Серік Өтепалиев 70 жастан асқан шағында Арал қаласынан Қызылордаға дейін 500 шақырым жолды жаяу еңсерген. Араға үш жыл салып дәл осы аралықты велосипедпен жүріп өтеді. Бұл - үлкен дайындық пен күш-жігердің жемісі,-дейді ардагер.
Серік Өтепәлиев, Арал қаласының тұрғыны:
- Кростан Алматыдағы Бауым бағында жүгірдім 12 шақырымға. Халықаралық марафонға қатынастым. 10 шақырымға, 5 шақырымға. Енді қалған уақыттарда жүгіріп келе жатырмын. Әбден ақтық демім қалғанша жүгіре беремін.
Қарт марафоншы алдағы уақытта Аралдан Семей қаласына дейін жүгіріп өтіп, полигон құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етуді жоспарлап жүр екен. Қазір осы мақсатына жету үшін қызу дайындыққа кіріскен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев