Семейлік оқушылар жүк көтергіш робот құрастырды
Қазақстандық оқушылар Индонезияда робототехникадан өткен чемпионатта жүлдегер атанды.
Семейлік оқушылар жүк көтергіш робот құрастырды. Құрылғы, заттарды жинап, дрон ұшыра алады. Халықаралық сайыс жүлдегерлерін мектеп ұжымы құшақ жая қарсы алды.
Семейдегі Шәкәрім атындағы мектеп гимназияның «Шаңырақ» командасы жарты жыл бұрын ғана құрылған. Соған қарамастан бірнеше үлкен байқауда топ жарып үлгерді. Ал Индонезиядағы жарыстың қиын болғанын жасырмайды.
Айдос Тұрсынбеков, "SHANYRAQ" командасының жетекшісі:
- Жарыс қиын болды. Ол жарыста Индонезия мемлекетінің сборныйы да жүрді. Біздің ұтылған командамыз сол болатын. Арасында Америкадан да, Малайзиядан да командалар жүрді. Солардың арасында біздің Қазақстанның командалары жақсы деңгейін көрсетті.
Индонезияда жүлде салған робот – осы. Бір өзі бірнеше қызмет атқарады. Тапсырманы тап тұйнақтай орындайды. Тіпті белтемірге де тартылады.
Олжас Самархан, 11 сынып оқушысы:
- Роботтың басты мақсаты ол сол алаңдағы өз жұмысын атқарып шығу. Жалпы ойын 2 минут 30 секундқа созылады. Осы уақыт аралығында бірінші 30 секундта робот өзі автономдық режімде жұмыс жасау керек. Бір жарым минут басты пиксельдарды жинап, ең соңғы отыз секундында өзінің дронын запускать етіп, одан әрмен хэнкқа тұру керек.
Жарысқа 5 мемлекеттен 30 команда қатысқан. Абай облысының 5 оқушысы "Robot game" ойынын құрастырып, қазылар тарапынан жоғары баға алды. Олар ақпан айында тағы бір халықаралық жарысқа қатысады. Одан кейін Орта Азия чемпионатына дайындалады.
Гаухар Нұрғалиева, облыстық білім басқармасы инновациялық-әдістемелік орталығының бөлім басшысы:
- Абай облысы ІТ бағытты дамытуда қарқынды жұмыс жасауда деп айтамын. Өйткені, бүгінгі жетістік жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жалпы облыс көлемінде бір жыл ішінде 271 облыстық деңгейде балалар жақсы, жеңісті орын алса, республикалық көлемде 11 саны, халықаралық деңгейде жеті дәрежелі осындай көрсеткіштер көрсетті.
Бүгінде Абай облысында 11 мыңнан астам оқушы ІТ бағытындағы үйірмелерге қатысады. Осы саланы дамыту үшін өңірде Президент тапсырмасымен университет жанынан екі жоғары мектеп ашылды. Қазір онда 200-ге жуық оқушы білім алып жатыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы