Газ баллоннан төнген қауіп көп
Былтыр елде 128 рет газ баллоны жарылып, 21 адам қаза тапты.
Ал биылғы жылдың қайғылы статистикасы Орал қаласындағы дәмханадан басталды. Сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бірақ «газ баллоны жарылуы мүмкін» деген болжам бар. Өкініштісі, өңірде тұрмыстық баллондарға газ құйып, оның қауіпсіздігін қарап, қадағалайтын бірде-бір мекеме жоқ боп шықты.
Максим Микрюков «Шығыс» саяжай қоғамында көптен тұрады. Жерінің құжаттары болмағасын, үйіне газ кіргізе алмапты. Отынға ағашты пайдаланады, тамақты газ баллонның күшімен пісіреді.
Максим Микрюков, Орал қаласының тұрғыны:
- Бір газ баллон бір айға жетеді. Біткенде апарып, көліктерге газ құю станцияларынан толтырып аламыз. Үлкен баллонды құю 3 мың теңге. Ешкім жоқ кезде барып, жасырынып жасаймыз.
Енді есептей беріңіз, газдың литрі 64 теңге. Бір баллонға 25 литр пропан құю 1600 теңге. Үстіндегі 1400 теңге алғыс ретінде газ толтырып беруші оператордың қалтасында қалады. Әрине әрекет заңсыз, бірақ екі жақ та разы. Заңсыз болатыны 2012 жылдан бері автомобильдерге газ құю қосындарында тұрмыстық баллондарды толтыруға тыйым салынды. Бұрын қалада баллон толтыратын екі арнайы станция болыпты. Ол жерде мамандар құтылардың жай-күйін қарап, бұрандасын тексеретін, ішін тазалап, салмағын өлшейтін. Сосын барып газ құятын. Қазір екеуі де жабық.
Алтай Килишев, газ құю станциялары желісінің бас инженері:
- Қаланың 95 пайызға шейін табиғи газбен қамтылды. Көбіне пайдаланатын саяжайлар пайдаланады. Бірақ олардың көбіне газ жүргізілді. Сұраныс көп жоқ. Екіншіден, газ баллондар совет үкіметінен қалған 50 жылдай болған газ баллондар әлі қолданыста болған себебінен халыққа сатуды доғардық.
Батыс Қазақстан облысында елді мекендер түгел дерлік табиғи газбен қамтылған. Бірақ қаланың айналасындағы саяжайларда газ баллондарын қолданатындар аз емес, мыңдаған малшы қыстақтары бар, дәнекерлеу жұмыстарына да пропан пайдаланылады. Олардың бәрі де баллондарды заңсыз толтырады. Мұны бәрі біледі. Бірақ ешкім бас ауыртпайды.
Бейбіт Шалабаев, БҚО өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы:
- Онымен жергілікті атқарушы орган айналысуы керек. Газ баллонды келілеп өлшеп қысымын реттеп береді газ құю стансасында. Ал автогаз құю стансасында оны өлшемейді. Сондықтан оны сатуға болмайды. Кез келген газ баллон 5 жыл сайын техникалық куәландырылып тұру керек. Ал негізі баллонның нормативтік мерзімі 30 жыл біздің талап бойынша. Айналымда жүрген газ баллондар толығымен жою керек ол баллондарды.
Тұрмыстық газ баллондарды қолдануға қатысты қағидаттарды таңдайы тақылдап тарқатып беретіндер көп болғанымен, оның орындалуын қадағалайтындардың жоғы өкінішті. Болса да құзіреттері жеткіліксіз.
Берікқали Айтқалиев, Орал қалалық ТКШ және газотехникалық инспекциясының бас маманы:
- Біздің сектордың міндетіне тұрмыстық баллондарды тасымалдау, қолдануын қадағалау кіреді. Бірақ заң актілеріне енген өзгерістерге сәйкес біз тек алдын алумен айналысамыз. Бақылау функциясын алып тастады. Тексеріс аша алмаймыз ешкімге. Себебі тексеріс ашу үшін бұрынғы тексерістердің нәтижесі керек. Ол қайдан болсын бізде?
Соңғы алты жылда елімізде 474 рет газ баллоны мен газ қоспасы жарылған. 118 адам қаза тапқан. Соның барлығы қарапайым қауіпсіздік қағидасының сақталмауынан, осы саладағы тиісті бақылаудың болмауынан орын алуы ойландырады.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов