Кәсіпкерлерге салықты жеңілдету үшін талап қандай?
Креативті өндіріс өкілдері салықтың бірнеше түрінен босатылады, деп хабарлайды 24KZ.
Талантты жандардың табысынан алынатын алым едәуір азаяды. Бұл жайлы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Салықты жеңілдету мақсатында Үкімет жаңа қаулы қабылдады. Онда арнайы бөлшектік салық режиміне өтетін кәсіпкерліктің 40 түрі көрсетілген.
Айта кетейік, бұған дейін 190 кәсіп түрімен шұғылданушылар жеңілдетілген салық төлеп келген. Биыл олардың саны 394-ке жетті.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Елде салық жеңілдеді. Жыл басынан бастап бірнеше кәсіп иесі жеңілдетілген режимде салық төлеуге мүмкіндік алды. Оның ішінде зергерлік бұйымдар мен бижутерия өндірісінің өкілдері де бар. Қазір біз тұрған дүкенде ұлттық зергерлік бұйымдар сатылады. Қасымда тұрған Гүлнұр ханым 7 жылдан бері зергерлікпен айналысады.
Гүлнұр Қоңырбай, зергер, кәсіпкер:
- Иә, біз осы саламен жұмыс жасаймыз. Бізде ұлттық қолөнер бұйымдары өндіреледі және сатылады. Сол саламен айналысып, жұмыс жасағаннан бері мемлекетке салық төлеп келеміз. Енді кешеден бері министрдің жаңа жарлығын естіп жатырмыз. Жеңілдетілген салық жүреді деп, бұған, әрине, қуаныштымыз. Егер де осы ұлттық қолөнер кәсібімізге байланысты салық жеңілдейтін болса, ұлттық қолөнер кәсібіміздің дамуына үлкен серпін береді.
Ілкімді істің игілігін 40 түрлі қызметпен шұғылданатын кәсіп иелері көреді. Олардың қатарына медианы меңгерген мамандар, кино индустрия өкілдері, музыка және дизайнмен айналысатын азаматтар, қолөнер шеберлері, театр мен мұражай қызметін кәсіп еткендер кіреді.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Бұл салық режимі қолайлы және ыңғайлы болып табылады кәсіпкерлер үшін. Олар бұл жерде қосылған құн салығын төлемесе де болады. Егер олардың бір жылдағы табысы 2,2 млрд теңгеден аспаса, онда осы салық режимімен жұмыс істей алады. Бұл жерде әлеуметтік салық төлмейді және қосымша құн салығын төлемейді.
Иә, жаңа салық режиміне ниеттілердің жылдық айналымы 2,2 млрд-тан аспауы қажет. Сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлер саны 200-ден артық болмауы керек. Сонда ол кәсіп түріне қарай 2 мен 8% аралығында жеңілдетілген салық төлейді. Алайда алдымен кәсіпкерлер өтінім беруі керек.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Бұл кәсіп түрімен айналысатын кәсіпкерлер алдын-ала осы режиммен жұмыс жасау үшін салық органына салық төлеушінің кабинеті арқылы немесе e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жолдау керек. Хабарлама жолданғаннан кейін келесі айдың 1-інен бастап осы салық режиміне көшуге болады.
Салық азайса, қызмет құны мен өнім бағасы түсуі мүмкін. Кәсіпкерлер осындай пікірде. Осы уақытқа дейін салықтың көптігі қолбайлау болып келді - дейді олар.
Арман Әлімжанов, «STARTKINO» ҚБ төрағасы:
- Алдыңғы жылдардың салығымен қараған кезде біз үлкен сомаға байланыс болған НДС, КПН салығын төлеп жаттық қой. Ал биылғы жаңа талаппен жаңа жеңілдікпен қараған кезде 8% әлдеқайда жеңілдік жұмыстар атқарылатын болады. Өйткені бұрынғыда біз шараларға көп салық төлейтін болып жатсақ, қысқартып, қолымыз ұзарады.
Шығармашылық иелерін қолдау шет елдерде де жолға қойылған. Салықты азайту – Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея секілді дамыған мемлекеттерде де бар тәжірибе.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Бағдат Қайыркен.