Қызылорда облысында үш ауыл газбен қамтылды

Бүгін Қызылорда облысында төрт мыңдай тұрғыны бар 3 ауыл газға қосылды.

Осылайша өңірді газдандыру көлемі 75 пайызға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы артады,-дейді мамандар. Ол үшін бюджеттен 4 миллард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Зурахан Омушованың бес бөлмелі баспанасы көгілдір отынмен жылытыла бастады. Күнделікті ас-ауқаттты да газ плитасына әзірлеп отыр. Ең басытысы – пеш жағып, күл шығару секілді күнделікті жұмысымыз жеңілдеді,-дейді Шалқия ауылының тұрғыны.

Зурахан Омушова, Шалқия ауылының тұрғыны:

- Бұрын балам-ау бір емес, екі пеш жағып отырдық. Парабойға да жақтық, үлкен кісі болғасын отырған бөлмеге де жақтық. Енді 2-3 күнен бері сезініп жатырмыз. Жақсы, өте жеңіл болып қалды, бір жұмысымыз азайып қалды дегендей. Бір қыста 10 тонна көмір кіргізсек, 10 тонна күл шығарамыз дегендей. Енді одан құтылдық.

Шалқия ауылынан бөлек, Құттықожа және Кейден елді мекендеріне газ беру рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Жалпы Жаңақорған ауданында барлығы 35 елді мекен бар. Бүгінде соның 6-уы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді мамандар. 

Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылға біз енді Жаңақорған кентінің батыс аймағында орналасқан Төменарық үлкен елді мекен. Сол елді мекенге газдандыру жұмыстары екі жылдық құрылыс мерзімімен аяқталу үстінде.Биылғы жылдың наурыз айында осы төменарық елді мекеніне газды беретін болсақ, сол елді мекенге дейінгі газ желілерінің бойында орналасқан 5 елді мекен бар. Жыл аяғына дейін көгілдір отынның игілігін көретін болады. 

Қызылорда облысында өткен жылы 12 елді мекенге газ құбырлары тартылды. Биыл өңірде тағы 12 елді мекенді газдандыру үшін 4 миллард теңге қаржы бөлінген. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін аймақты газдандыру көрсеткіші 78 пайызға жетеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин