Оралдың тарихында алғаш рет заңсыз салынған үй сүрілді
Тиісті құжаттарсыз салынған 5 қабатты үй Орал қаласының тарихында бірінші рет соттың шешімімен сүріле бастады.
Жалпы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы өткен жылы 99 тексеріс жүргізіп, 155 әкімшілік іс қозғаған, 53 миллион теңге айыппұл салған.
Ружейников, 9 мекен-жайындағы мына 5 қабатты үйдің құрылысы 2020 жылы басталыпты. Еш рұқсатсыз. Тіпті жер телімінің пайдалану мақсаты да сай келмейді екен. Құжат бойынша бұл жерде көліктерді жөндеу стансасы орналасуы тиіс. Тиісті орындар тексеріс тағайындап, істің ақ-қарасы анықталғанша, жер иесі 5 қабаттың 2 қабатын тұрғызып үлгеріпті.
Мағжан Мұратов, БҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:
- Тексеріс қорытындысы бойынша жекеменшік жер иесіне қатысты әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 319-бабы бойынша, яғни заңсыз құрылыс хаттама толтырылып, Орал қаласының мамандандырылған сотына жолданды. Ол соттың шешімі бойынша 2023 қыркүйектегі құрылыс нысаны заңсыз деп танылып, бұзуға жіберілді.
Құрылыс қағидаттарына сәйкес көпқабатты үй салғысы келетін кәсіпкерлер алдымен бастапқы сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу керек, эскиздік жобаны бекіту керек. Содан кейін барып жобаны жасап, сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарына рұқсат алу керек. Ал бұл жерде соның бірі де болмаған.
Асхат Көлбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Құрылысты тоқтатқаннан кейін барып кәсіпкерден жер телімінің пайдалану мақсатын өзгерту жөнінде өтініш түсті. Бірақ біз ол өтінішті қанағаттандыра алмадық. Себебі дәл іргесінде өнеркәсіптік кәсіпорындар, тіпті химиялық өнім шығаратын кәсіпорын тұр. Тұрғын үй сол өндіріс орындарының санитарлық қорғаныс аймағына кіріп тұр.
Жалпы заңсыз құрылыс облыс орталығының сәулетіне селкеу түсіретін өзекті мәселелердің біріне айналғалы қашан? Тек өткен жылы қалада 155 әкімшілік іс қозғалып, 53 миллион теңге айыппұл салыныпты. 12 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылған.
Азамат Ағелеуов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
- Көбінесе құрылысшылар, сәулет-жоспарлау тапсырмасын алып, эскиздік жобаны бекітіп алғаннан кейін құрылысты бастап кетеді. Жобасыз, техникалық бақылаусыз, инженерлік қадағалаусыз, авторлық қадағалаусыз бастап кетеді. Бізге ескертпей құрылысты бастап кетеді. Ол жерде біздің тарапымыздан ай сайын мониторинг жүргізіп отырамыз фактілердің барлығын.
Қала құрылысындағы тағы бір өзекті мәселе шаһардың көне бөлігіндегі көпқабатты үйлердің құрылысы. Ескі жер үйлердің орнына 9-10 қабатты үйлерді салу барысында сол аудандағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті ескерілмей отыр. Яғни жылу, су, газ құбырларының қуаты, емхана, мектеп, балабақшалардағы орын санына қарап жатқан ешкім жоқ. Келешекте осы кемшілікке жол бермеу - мақсатымыз, - дейді мамандар.
Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов