Қазақ жауынгерінің сүйегі елге жеткізілді
Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған қазақстандық жауынгердің сүйегі Жамбыл облысына ұшақпен жеткізілді, деп хабарлайды 24KZ.
Іздестіру тобы Қадырбек Дәулетқұловтың жатқан жерін былтыр Ресейден тапқан. Қорымды қарау кезінде қазақ сарбазының аты-жөні жазылған темір медальон көзге түсіпті. Сүйектің туған жерге жеткізілуіне атсалысқан қоғамдық қордың мәліметінше елін қорғауға аттанған 270 мыңнан аса қазақстандық жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.
Майданда көз жұмған Қадырбек Дәулетқұловтың сүйегі Таразға арнайы бортпен жеткізілді. Сарбаздың каскасы, көзі тірісінде қолданған саптыаяқ пен сапер күрегі жақындарына табыс етілді. Оразкүл Дәулетқұлованың айтуынша, әкесінің бауыры 1943 жылы әйгілі Курск шайқасында қаза тапқан. Қазақ жауынгері шекара жасағында қызмет атқарған. «Ол туралы мәліметтің дені құпия күйде әрі өзге елде мұрағатта сақтаулы», - дейді ол.
Оразкүл Дәулетқұлова, Қ. Дәулетқұловтың туысқаны:
- Қараша айында хабар келді, ол кісінің сүйегі табылды деген. Өте ризамыз біз. Курск аймағында соғысқан жерінде қаза болған екен. Әкеміз армандап отыратын. Менің бауырым қайда қалды екен деп. Мінекей, сүйегі табылды. Бұл – өте жақсы нәрсе. Біз мақтанамыз ол кісімен. Біздің бала-шағамыз мақтанады, немере-шөберелеріміз мақтанады. Біз батырдың баласымыз, тұқымымыз деп.
Марқұмның сүйегін туған жерге әкелуге «Atamnyn Amanaty» атты қоғамдық қор қызметкерлері атсалысты. Бұл ұйым неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеумен айналысады.
Әубәкір Смайылов, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық қорының өкілі:
- Осы уақытқа дейін біз 4 мыңға жуық адамның дерегін таптық. Олардың қай жерде қаза тапқанын және қай жерде жерленгенін. Бұдан бөлек, біз 19 отандасымызды алып келіп, өзінің туған топырағына жерледік. Бұл азамат Курск иінінде қаза тапқан, бар-жоғы 21 жасында. Артында тікелей ұрпағы қалмаған. Өйткені әлі уыздай жас жігіт. Әлі үйленбеген. Қуанышқа орай, Түлкібас ауданында оның туысқандары тұрады екен.
Сұрапыл соғыс жылдары Жамбыл өңірінен 68 мыңнан астам адам соғысқа аттанса, олардың жартысынан жуығы елге оралмады. Кейін олардың тізімі өңір мұрағатында жасақталды. Майдангерлер туралы 6 кітап жарыққа шықты.
Сара Мадиева, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы тізімді жасап болғаннан кейін соңынан «еrlik.kz» атты сайт ашылды. Сайтта тізімнен басқа жекелеген майдангерлердің толық мәліметтері бар. Туған жылы, қай жерден соғысқа кеткені туралы. Сонымен қатар 2019 жылы «Ұмытылған батырлар» атты кітап шыққан. Біздің облысымыздан 8 адамның тізімі Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған екен кезінде, бірақ оларға берілмеген. Сол 8 адамның аты-жөні осы кітапта бар.
Қазір аймақта 10 соғыс ардагері тұрады. Айта кетейік, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған барлық майдангердің есімі Жеңіс саябағындағы мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан, Эльдар Байділда.