Діни толеранттық - бейбітшілік кепілі
Мемлекет басшысы ертең Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі.
Ватикан – күллі католиктердің рухани орталығы, қасиетті мекені. Әлемдегі ең кішкентай ел болғанымен, халықтар мен діндер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы ықпалы зор. Ал Рим Папасының әр сөзіне әлемдегі бір миллиардтан аса католик құлақ түріп, оның әр сапары дүйім дүниенің назарын аудартады. Христиан әлемінің басшысы Қазақ елінің мейірбандығын, діни әрі толеранттылық ұстанымдарын жоғары бағалайды. Ал Ватикан мен Қазақстанды әлемдегі бейбітшілікті сақтаудағы ортақ мүдде біріктіреді.
Балғабек Мырзаев, «Ислам зерттеу орталығы» ҚҚ атқарушы директоры:
- Рим папасы да әлемдегі танымал діни көшбасшылардың бірі болып табылады. Және ол кісімен біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы кездесуі де шынында да әлемдегі тұрақтылықты сақтауға, қоғамды бейбітшілікке шақыруға, Ватиканның да, Қазақстанның да мүдделерінің ортақ екенін білдіреді деп өзім санаймын Әлемдегі барлық дін өкілдерінің, оның ішінде католицизм, христандық правосавтар бар, буддизм, иудаизм бар, сол сияқты көптеген конфессиялардың барлығының басын біріктіре алған бірегей мемлекеттердің бірі болып табыламыз.
Қазақ елінің әрбір жетістігі – татулық пен ынтымақтың, ұлтаралық толеранттылық пен дінаралық төзімділіктің арқасы. Бұл бағыттағы Қазақстанның ұстанымы әлем елдеріне үлгі. Ертеңгі кездесудің Еуразия құрлығы үшін, тіпті әлемдік деңгейде-- мәні мен мағынасы зор болмақ.
Тарих беттерін парақтайтын болсақ, 1992 жылдың 17 қазанында Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші ел болып Ватиканмен ресми дипломатиялық қатынас орнатты. Ал 1998 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Ватикан арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2001 жылдың 22-25 қыркүйек күндерінде Рим Папасы Иоанн Павел ІІ еліміздің қадірлі мейманы болды. 2022 жылдың 17 қазанында Қазақстан мен Ватикан екіжақты ынтымақтастық тарихындағы маңызды күн – дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтті. Сол жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
1992 ж. - Ватиканмен ресми дипломатиялық қатынас орнады
1998 ж. - Өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды
2001 ж. - Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Қазақстанға келді
2022 ж. - Дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толды
2022 ж. - Рим Папасы Франциск Қазақстанға келді