Алматыдағы бау-бақша бірлестіктері жарыққа жарымай отыр
Қалаға қосылғанына 10 жыл болған Кемпірқосақ, Геолог, Қарғалы, Жайлау және Ардагер саяжайының тұрғындары үнемі өше беретін, кернеуі тұрақсыз электр қуатынан зәрезап болған.
Оған қоса ауызсу да жиі тоқтап қалады екен.
Бұл бау-бақша бірлестіктері бұрын Алматы облысының Қарасай ауданына қараған. 2014 жылы шаһардың шекарасын кеңейту туралы бұйрық шығып бұл жерлер Наурызбай ауданына қосылады. «Қалалық инфрақұрылымның қызығын көреміз деген тұрғындардың арманы әлі орындалмай келеді. Әсіресе электр жарығы жиі сөнеді. 2020 жылы тозығы жеткен электр желілері сот шешімімен иесіз деп танылып, қала балансына өтіпті. Бірақ одан да қайыр болмады»,-дейді тұрғындар.
Марат Сатыбалдинов, тұрғын:
- Мынаның бәрі өте қауіпті. Қара, бір бағандағы тоқтың үстінен екінші тоқ жүріп жатыр. 220 вольт мынау құласа мына жерде кішкентай балалар жүреді. Тоқ ұрып өлтіруі де мүмкін. Алдын алып, осыны қарап жөндеу керек қой.
Үйлердің саны артқан сайын тартылған сымдар да көбейіп, шіріген бағандар қисайып кетіпті. Электр желісі жүктемені көтере алмаған соң жарық жиі өшеді екен. Қосылған күннің өзінде кернеуі тұрақсыз.
Қалжан Кенебаева, тұрғын:
- Бір ай электр қуаты болған жоқ. Телевизорымыз күйіп кетті, холодильник күйіп кетті. Барлық көршілер бір-бірімізге жазып жатырмыз. Біреуі баняда тұрып жатыр, біреуі көршілерінің үйіне кетіп қалыпты.
Тозығы жеткен бағандар мен сымдарды қаладағы жарыққа жауапты компания өз балансына қабылдаудан бас тартыпты. Өздері ауыстырайын десе, тұрғындардың шамасы келмейді. Әйтеуір аудан әкімдігі қаражат бөлетін боп шешті.
Жандос Такебаев, аудандық инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы:
- 100 бағанды жөндеп, орнын ауыстыру керек. Тұрғындардың қалтасы көтермейтін болған соң, жергілікті билік жауапкершілікті өз мойнына алды. Коммуналдық балансқа өткізу жұмыстары осы жылдың күзіне дейін шешіледі. Әзірге бұл желілерге Алатау Жарық компаниясы қызмет көрсете бастады.
Бау-бақша тұрғындарының тағы бір проблемасы – таза ауызсу. Қазір тау суын қолданады. Ол аязда қатып қалады. Жаз болса жетпейді немесе лайланып кетеді екен. Аудан әкімдігінің өкілі жаңа су құбыры тартылғанын, жазда орталық су тазарту станциясына қосылатынын айтты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев