Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырады
1 наурыздан Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған қатысты Үкімет тиісті қаулыға өзгеріс енгізді. Бастаманы қазақстандық ғалымдар ұсынып, қоғамда қолдау тапты. Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені саралап көріпті. Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу әр өңір тұрғындары арасындағы уақытша кедергілерді жойып, көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады. Бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына оң әсерін тигізеді. Айта кетейік, қазір әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылады. 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде.
Биыл 1 наурыздан бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнайды. Осыған байланысты Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстары уақытты 1 сағат артқа жылжытады. Тек Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары өзгеріссіз қалады.
- Бұған дейін бізде сағат 10-ға қарай таң ататын. Оның өзі таңертең тұрған кезде де қараңғы болып, жұмысқа барған кезде таңертең қараңғыда жұмысқа барамыз. Енді мынау өзгертіп жатқан дүние жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Жалпы адам өзінің денсаулығына да, организміне де жақсы болады деген ойдамын.
- Бір Қазақстанда болғанмен, әртүрлі өңірдің уақыты әртүрлі. Меніңше, өзгеруі ортаға қарай түйісу, топтасу деп білем.
- Менің ойымша, жасалып жатқан дүние дұрыс деп ойлаймын. Себебі, өздеріңіз байқағандай, әсіресе қыста, қыстық мезгілде біздің тұрғындар болсын, әсіресе оқушыларға қиын. Қара түнекте шығып, оқуға баратын олардың, адамдардың жұмыс істеуге зауқы болмайды деп айтсам болады.
- Күн ұзарады, бұрынғыдай қараңғыда тұрмаймыз. Үлкен кісілерге ыңғайлы болады.
Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев Қазақстанда уақыттың 5-сағаттық белдеуге өтуін құптайды. Ел аумағында шығыс пен батыс шекараға дейін бойлық координаттар айырмасы – 2 сағат 43 минут. Кезінде электр қуатын үнемдеу үшін енгізілген сағатпен жүріп-тұрғанымыздан ағзамызға зиян келтіріп жатырмыз. Сондықтан ешбір елде қолданылмайтын уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажет, - дейді ол. 1 сағаттық уақыт өзгешелігінен халық пойыз, ұшақ кестесінен шатасуы секілді проблемаларға тап болып отырғанын да айтады.
Болат Нұрқожаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Қазақстанда, мысалға, Астана қаласы болсын, шығыс облыстарының бәрінде уақыт өлшемі тал түс уақыты 12 жарымнан, 1 жарым 2-ге дейінгі, яғни 2 сағаттай озық. Декреттік уақыт қолданыста. Таң қараңғысында оятып, балалардың тез ұйқы, ми, ойлау қабілеті, интеллект жүйесіне маңызды фазасын бұзып оятып жатырмыз. Яғни, ол стресс фактор, ертеңгі күні оның өмірінде үлкен қауіптерге соқтыратыны қазіргі ғылыммен дәлелденген.
Қазақстанда уақытты теңестіру үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, ғалымдар ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген. Айтуларынша, биологиялық сағаттың бұзылуынан елде күйзеліске шалдыққан адамдардың саны көбейген. Ал еліміздің бір белдеуде өмір сүруі адам ағзасына оң әсер етіп, өмір сүру ұзақтығын да арттырады.